Байқоңырда асық атып, қол күрестірді

Байқоңырда Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен облыстық  Халықтық спорт ойындары аяқталды. Аталмыш сайысқа Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 1000-ға жуық спортшы қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға өз үлестерін қосты. Бұл жайында бізге облыс әкімдігі баспасөз қызметі мәлім етті.
Спорт ойындары Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Байқоңыр қалалық мәдениет жастар саясаты, туризм және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді. Спорт ойындарының қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Қызылорда қаласының спортшылары – бірінші, Байқоңыр қаласы – екінші, ал Жаңақорған  ауданы үшінші орынға ие болды. 
Аталмыш дода спорттың 9 түрі бойынша өтті. Спорт түрлері бойынша қазақ күресінен әйелдер арасында Ақбота Мұратова (55 келі, Байқоңыр қ.), Ақерке Келдіғұл (65 келі, Шиелі), Мереке Құдайбергенова (75 келі, Жаңақорған), Әйгерім Жалғасова (+75 келі, Қызылорда қ.), ерлер арасында Бауыржан Райсов (55 келі, Қармақшы), Дархан Сержанов (60 келі, Байқоңыр қ.), Қайрат Жалғасбаев (70 келі, Қызылорда қ.), Алмат Тайбағаров (80 келі, Қармақшы), Мақсат Исақабылов (90 келі, Қызылорда қ.), Марат Баймаханов (90 келі, Қармақшы), абсолюттік салмақта қызылордалық Жасұлан Досымов топ жарды. Командалық есепте Қызылорда қаласының командасы бірінші орынға ие болып, жүлделі орындарды Қармақшы және Шиелі  ауданының спортшылары өзара бөлісті.
Тоғызқұмалақ  ерлер мен әйелдер арасында швейцар жүйесі бойынша 7 турда өткізілді.  Ерлер арасында Таңатар Үбісұлтановтың мерейі үстем болса, әйелдер арасында Қырмызы Секина бірінші орынды  (екеуі де Қызылордадан) иеленді. Командалық есепте 21,5 ұпаймен Қызылорда қаласы үздік шығып, Шиелі және Сырдария аудандары  жүлделі орындарға ілікті. Президенттік көпсайыстан Қызылорда қаласының командасы озық шықты. Қармақшы ауданының командасы екінші орын алса, Жалағаш – үшінші орынды иеленді. Асық ату ойынынан Арал ауданының спортшылары 4 минутта 18 асық жинап, жеңімпаз атанды. Қызылорда қаласының спортшылары 5 минутта 16 асықпен екінші орынды, осындай уақытпен Жалағаш ауданы 13 асық жинап қола жүлдені еншіледі. Сонымен қатар, Азамат Кабелов (Арал ауданы), Төлеген Өтегенов (Жалағаш ауданы) және Жанат Мұратова (Қызылорда). асықты шиырып атудың мергендері болып танылды. 
Үстел теннисінде ерлер арасында Байқоңыр қаласының командасы бірінші орынға ие болды. Қызылорда  қаласы және Сырдария ауданының командалары – жүлделі орындарда. Әйелдер арасында Қызылорда қаласы 1-орынды, Байқоңыр қаласы 2-орын, Жалағаш  ауданы 3-орынды иеленді. Волейбол алаңындағы тартыста Қызылорда  қаласының қыздары алда болды. Ал ерлер арасында Жаңақорған ауданы топ жарды.
Шағын футбол бәсекесінде финалда Байқоңыр қаласының командасы мен  Шиелі ауданының командасы кездесіп,  2:1 есебімен байқоңырлықтар бас бәйгені еншіледі. Жаңақорған ауданы үшінші орыннан көрінді. Гір көтеруде Қызылорда қаласының білекті жігіттері – бірінші, ал Қармақшы ауданы – екінші, Арал ауданы үшінші орынға орналасты. Қол күресте  Жаңақорған ауданы жеңіске жетіп, Байқоңыр мен Қармақшы ауданы одан кейінгі орындарды иеленді.
Ойындарда жеңіске жеткен командалар қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында болатын республикалық халықтық спорт ойындарында Сыр өңірінің намысын қорғайды. 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 маусым 2014 г. 833 0