
Қарақұйрық – қасиетті аң. Кейінгі жиырма жыл шамасында дала еркесінің саны азайып, құрып кету қаупі төнген соң «Қызыл кітапқа» енгізілген болатын. Алайда, қаскөйлердің теріс әрекеті әлі де тыйылмай тұр.
Өткен жылы «ОХОТЗООПРОМ» Қызылорда аумақтық инспекторлары Ғ.Саттыбаев, А.Маханбетжанов, Е.Үсенбаев аумақтық инспекциясымен бірлесіп жүргізген бақылау жұмысының нәтижесінде Шиелі ауданының тұрғындары Ұ.Н.Ә. есімді азаматтар Қосүйеңкі ауылының тау беткейінен қарақұйрықты оптикалық дәлдігі бар «Веппер» және қос ұңғылы аңшы мылтығымен атып алған жерінен инспекторлар құрығына түсті.
Сот шешімімен олардың әрқайсысына екі жыл алты айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекетке келтірген екі миллион төрт жүз мың теңге шамасындағы залалды мемлекет пайдасына қайтаруға шешім қабылдады. Айғақ заттар ретіндегі автокөлік пен қару-жарақ тәркіленді.
Бір атап айтарлығы, дала еркесін атушылар жазасыз қалмайды. Мұндай теріс әрекетке заң қатал екенін әрдайым есте сақтаған жөн.
Бахитдин АЯЗОВ,
«ОХОТЗООПРОМ» Қызылорда
аумақтық филиалы
басшысының орынбасары.