
Жаңақорған ауданы үшін өткен жыл жетістікке толы болды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жағынан облыста ең жоғары көрсеткіш те осы ауданда. Сондай-ақ бұл салада жобаларды жүзеге асыруға ең көп қаржы тартқан да Жаңақорған ауданы. Атап айтқанда, барлық қаржы көздерінен жобаларды жүзеге асыруға 1 млрд 857 млн теңге қаржы тартылған. Осы және өзге де саладағы жетістіктерді аудан әкімі Ғалым Әміреев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Ауданда кәсібін жаңадан бастағандар үшін оқыту бағдарламасын жүйелі жүргізу нәтижесінде қарапайым тұрғындар кәсіппен айналысудың қыр-сырын үйренген. Кәсіпкер ретінде тіркелгендердің 96 проценті белсенді жұмыс істеуде. Өткен жылы 2 млрд теңгеге жуық қаржы жобаларды жүзеге асыруға тартылса, оның ішінде «Бекарыс Агрофут» ЖШС-ның «Асыл тұқымды репродуктор шаруашылық құру» және «Орда Сығанақ» серіктестігінің «Балшықпен емдеу сауықтыру кешені» жобасын бөле-жара айтуға болады.
Ауылдағы ағайын үшін кәсіптің көзі ауыл шаруашылығында екенін атап өткен аудан басшысы өткен жылы 5 ауылда агроиндустриялық аймақ құрылғанын жеткізді. Бұл аймақта кәсіп етемін дегенге жерді қоршау, су жүргізу қызметі және жер пайдалану тегін екендігі егін еккен халыққа үлкен қамқорлық болғаны рас. Сондай-ақ жастар жылына орай ауданға бөлінетін 200 грант жастар кәсібін дамытуға бағытталады.
«Бір ауыл – бір кәсіп» ұстанымы ауданда кәсіпкерліктің қанат жаюына оң әсерін тигізген.
– Аудандағы Ақүйік ауылы тек үйрек өсірумен айналысады. Жайылмада қарбыз екпейтін үй жоқ. Келінтөбе ауылының тұрғындары бақша өнімдерін егуге ден қойған. Бұл ұстаным салада жақсы көрсеткішке жеткізетініне көз жеткіздік. Жыл қорытындысымен кәсіпкерлікті дамыту бойынша Жайылма ауылының әкімі облыс бойынша «Үздік ауыл әкімі» атанды, – дейді Ғ.Әміреев.
Ауданда спортты дамытуға ерекше назар аударылғаны да атап айтылды. Себебі, спорт арқылы инвестиция тартуға мүмкіндік мол. Биыл ауданда талапқа сай жаңа стадион салу жоспарланған.
Сонымен қатар аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарының көкейтесті мәселесіне айналған «Келінтөбе-Қандөз-Көктөбе» автожолын күрделі жөндеуден өткізу биылғы жыл еншісінде. Тағы бір атап айтарлығы, аудан мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жүзеге асыруда белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде 38 жобаны іске асыру жоспарланған.
Тағы бір жағымды жаңалық – Сыр елінің брендіне айналған Жайылма қарбызынан шырын шығару жобасы биыл жүзеге аспақ. Бұл үшін германиялық инвесторлармен келіссөздер жүргізілген.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.