
Өткен жылдың қорытындысымен Шиелі ауданы агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктері үшін облыста І орынды иеленіп, «Үздік аудан» атанды. Аудандағы өзге де жетістіктер жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Әшім Оразбекұлы айтты.
Былтыр ауыл шаруашылығы саласы бойынша 21 млрд 328 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда өнім өндіру 103,3 процентті құраған. Диқандар 12627 гектар күріштің әр гектарынан 57 центнерден өнім келтіріп, 71 974 тонна астықты қамбаға құйған. Сондай-ақ, көкөніс, бақша дақылдары да мол алынды.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру бағытында былтыр Ауғанстан Республикасына 476 тонна күріш, Ресейдің бірқатар облыс орталықтарына 10 тонна балық, 702 тонна бақша және 95 тонна көкөніс өнімдері экспортталды. Еліміздің солтүстік, батыс, орталық өңірлеріне 3500 тонна қауын, 3150 тонна қарбыз, 456 тонна қызанақ пен 580 тонна қияр жөнелтілді,–деді аудан әкімі.
Әшім Оразбекұлының мәлімдеуінше, аудан соңғы кезде балық шаруашылығын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстарды қолға алуда. Атап айтқанда, балық шаруашылығымен айналысатын кооператив құрылып, 80 адам жұмыспен қамтылып отыр. Аудандағы 29 көлден 56 тонна балық ауланып, бюджетке 6 млн 800 мың теңге салық түскен.
Индустрияландыру бағдарламасына сәйкес өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында 3 жоба жүзеге асырылуда. Оның біріншісі, жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығару зауыты. Зауыт былтыр желтоқсанда Елбасының қатысуымен жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылып, 260 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылған.
Екіншісі, «Фирма Балауса» кәсіпорнының құны 125 млн АҚШ долларын құрайтын өңдеу жобасы. 2018 жылы экспорт көлемі 3,2 есеге ұлғайтылып, 1,4 млрд теңгені құрайтын 200 тонна аммоний метаванадатын экспорттады. Қазіргі таңда кәсіпорында 147 адам жұмыс жасайды.
Үшіншісі, жобалық құны 2,5 млрд теңгені құрайтын «Сыр Агро и К» ЖШС «1200 бас ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып, қолдау тапқан. Жоба жүзеге асқан кезде тәулігіне 15 тонна сүт өнімі өндірілетін болады.
Цифрландыру бойынша уран шикізатын өндіруші №6 кен басқармасы мен «Семізбай-U» ЖШС технологиялық процестерді басқаратын «Ақылды кеніш», «Ақылды қала» жобасы аясында «көшені ақылды жарықтандыру» жүйесін енгізу жоспарланса, облыстық бюджеттен 19 млн 200 мың теңге бөлініп, «Ақмая» шаруа қожалығының егістік алқаптарын «Ақылды ферма» жобасы шеңберінде цифрландыру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік электрондық картасын қалыптастыру жұмыстары қарқынды қолға алынып, 29633 гектар жердің электронды сызбасы жасалған. «Агробиржа» электрондық сауда сайты іске қосылып, оған 37 шаруа қожалығы тіркелген.
Денсаулық, білім салаларын цифрландыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Айнұр БАТТАЛОВА.