ПАРТИЯ ПӘРМЕНІ ЖӘНЕ ӨҢІРДЕГІ ӨМІРШЕҢ ІСТЕР

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі мен облыстық қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Жиында аймақ басшысы Астанадағы Қауіпсіздік Кеңесі отырысында қабылданған мәселелер мен 2019 жылға арналған міндеттерді баяндады.
Алдымен облыс әкімі Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» бүгінгі таңда көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде бағыт-бағдары айқын, аудиториясы дараланған жетекші саяси ұйым екенін атап өтті. Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толмақ. Сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің де аймақтағы қоғамдық, саяси-әлеуметтік, эко­но­ми­калық бастамалар мен көкейтесті мәселелердің ше­шілуіне үлес қосып, аза­маттық қоғам қалыптасуына септігін тигізіп отырғанын атап өтті. Соңғы уақытта облыс­тық Қоғамдық кеңестің аясында 14 көшпелі іс-шара ұйымдастырылған.
Жиында аймақ басшысы Астана қаласында Елбасының төрағалығымен өткен ҚР Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында мұнай-газ саласының дамуы, Байқоңыр қаласы мен су шаруашылығын дамыту, Солтүстік Арал жобасын іске асыру және жаңа жылу электр орталығының құрылысы туралы мәселелер талқыланғанын атап өтті. Онда облыс әкімдігінің ұсынысымен, облыс халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін мәселелер қаралып, толықтай Елбасы тарапынан қолдау тапқан. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы ҚР Үкіметі мен облыс әкімдігіне Қызылорда облысының 2019-2022 жыл­дарға арналған әлеуметтік-эко­номикалық дамуының кешенді жоспарын қабылдау туралы тапсырма берді.
Облыс әкімі Елбасы тапсырмасына сәйкес «Қызылорда-Жез­қазған-Қарағанды» жо­лын қайта жаңғырту жұ­мыс­­тары биыл басталатынын хабарлады. Сонымен бірге Қызылорда жылу электр орталығы құры­лысын жүргізу үшін Үкіметке тапсырма жүктеліп, Энергетика министрлігімен келісім жасалғанын атап өтті.
Аймақтағы маңызды мә­се­ленің бірі – Көкарал бө­гетінің жағдайына байланыс­ты. Кіші Арал теңізін сақтап қалу мақсатында Елбасының ұсынысымен Орта Азия мем­лекеттерінің басшылары жиналып, халықаралық қор құрылып,  ауқымды істер атқарылғаны белгілі.
Алдағы уақытта Үкімет Көкарал бөгетіне қатысты жұмыстарды қайта қолға алып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбек. Аймақ басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттерге тәуелділікті азайту үшін облыс­та жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарылмайтын 3 және одан да көп млрд текше метр су тасқынын шоғырландыру көлемі бар 6 жобаны іске асыру жоспарланғанын атап өткен болатын. Мұның ішінде ең маңыздысы – сыйымдылығы 600 млн текше метрлік «Күміскеткен» су қоймасын және 1,5 млрд текше метрлік «Қараөзек» ағысында су қоймасын салу. Аймақ басшысы отырыста Қызылорда су торабын қайта жаңарту бойынша тапсырмалар берілгенін де нақтылап өтті.
Сонымен қатар, облыс әкімі мұнай-газ секторын дамытуға қатысты мәсе­лелердің қаралып, шыны зауытына қатысты барлық сұрақтар шешімін тапқанын айтты. Халықаралық шы­ны өндірушілер қауымдастығына жетек­­шілік ететін Қытайдағы шыны өндірісі қауымдастығының прези­денті 1 шілдеде пештің іске қосылатынын және алғашқы әйнек 1 қазаннан бастап шығарылатынын атап өткен. Сондай-ақ, осы күзде гаджеттерге арналған шыны өндіретін екінші зауыттың құрылысы басталып, әртүрлі шыны бұйымдар шығаратын үшінші зауыттың тұсаукесері өтеді.
Жиында партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Жорабек Нұрымбетов су шаруашылығы бойынша көптеген шаралар жасалғанын баяндады. Соңғы үш жылдың ішінде республикалық және облыстық бюджеттен 40,5 млрд теңге қаржы қаралып, 260 елді мекен толыққанды ауыз сумен қамтылса, Қызылорда қаласы бойынша 70 процент су жүйесі жаңартылған. Сондай-ақ, қала халқы «Қызылжарма» жер­асты суын пайдалануға қол жеткізді. Жақсы көрсеткіштің бірі  249 ,8 мың гектар суармалы жердің көлеміне қосымша 50 мың гектар қосып, суармалы жердің көлемін облыста 300 мың гектарға жеткізу жоспары іске асырылуда. Ал, Қоғамдық кеңестің және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Руская община Казахстана» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Владимир Толоконников соңғы жыл­дары облыс үлкен құрылыс алаңына айналғанын ерекше атады.  Оның айтуынша, жаңа әлеуметтік нысандардың бой көтеріп, білім мекемелерінің көбеюі аймақтың қарқынды дамығанын айғақтайды.
Сондай-ақ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Самұрат Имандосов қоғамдық кеңестің алғашқы құрамы жуырда өз жұмысын аяқтайтынын, 3 жыл ішінде кеңес мүшелері  500-ден аса мәселе қарап, түрлі ұсыныстар енгізгенін атап өтті.
Қорытындылай келе, облыс әкімі аймақтың бірқатар көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін айтып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мен Сыр өңірін дамытуда белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 ақпан 2019 г. 413 0