Үкімет өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына көңіл айтты

Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өрттен қаза тапқан 5 баланың ата-анасына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі отырысымызды өткен жексенбіде, дүйсенбіге қараған түнде Астанадағы қайғылы оқиғадан бастағым келіп отыр. Өрт кезінде бір үйдің өрімдей 5 баласы қаза болды. Жантүршігерлік жағдай. Бір отбасының басына  түскен ауыр қайғы. Ай-күннің аманында бес бірдей баласынан айырылып қалған ата-анасына құдай күш-қуат берсін дейміз! Марқұм болған балалардың ата-анасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Алда мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін деп тілейік», - деді Премьер-Министр.
Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде елорданың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанада өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылғы 5 қыз баланың денесі табылды.

Олардың кішісі небәрі үш айлық сәби еді. Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 ақпан 2019 г. 576 0