Қала мен кентті біріктіру жұмыстары жалғасады

Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығы біріктіріліп, болашақта 50 мың халық тұратын қалаға айналады. Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша бірқатар жұмыс атқарылған. Былтыр бұл аумақтан 800 адамға жер беріліпті. Биыл электр желілері, ауыз су мен газ апару жұмыстары жалғасып, жұмыс аяқталған соң, 1500 адам тұрғын үй салу үшін жер учаскесін иеленеді. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Ергешбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты.
Өткен жылы бұл маңда «Рәміздер алаңы» мен Әйтеке бидің еңселі ескерткіші бой көтерген болатын. Енді кәсіпкерлік нысандары мен балаларға арналған ойын-сауық орталығы, балабақша, әкімшілік ғимараттарын салу жоспарланған.
Бірнеше жыл бұрын аудан орталығының халқы көгілдір отынмен қамтылғаны белгілі. Ел көкейіндегі сауал: Қазалы қаласы мен елді мекендерге қашан газ тартылады? Аудан әкімі брифингте алдағы уақытта қаламен қатар Ғани Мұратбаев ауылына да көгілдір отын жеткізу жоспарлағанын атап өтті.
Халық кәсіп бастап, жеке іспен айналысуға бейім болса, мемлекет үшін де тиімді. Қазалы ауданында бизнес бастаушылардың саны артқан. Өткен жылы аудан кәсіпорындарында 12,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 105 процентке өскен. Бұл жағдай бюджетке де әсер еткен. 2018 жылдың басында аудан бюджеті 14 млрд теңге болып бекітілсе, жыл соңында 20 млрд теңгеден асыпты. Қазір ауданда 4325 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Оларда 8958 адам жұмыспен қамтылған.
Аудан халқының негізгі тіршілігі – егін және мал шаруашылығы. Былтыр 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Су жеткіліксіздігіне қарамастан негізгі дақыл – күріштің әр гектарынан 44,3 центнерден өнім жиналды. Ал биылғы жоспар 17 700 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу. Шаруашылыққа қолайлы жерді дұрыс пайдалану да маңызды. Өткен жылы жер учаскелерін тиімді пайдаланбағандықтан, 4364 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Аудан басшысы түліктің барлық түрінде өсім бар екенін атап өтті. Айта кетерлігі, Қазалыда шетелге мал басын экспорттау жолға қойылыпты. Ауданнан тұңғыш рет Біріккен Араб Әмірліктеріне 29 бас түйе, Өзбекстан Республикасына 100 бас мүйізді ірі қара малы экспортталды. Биыл 400 бас Зеңгібаба тұқымы жөнелтілмек. Бұл салада импорт мәселесі де шешімін тауып келеді. Өткен жылы «Бақыт» шаруа қожалығы Ресей Федерациясынан 29 бас мүйізді ірі қара әкелсе, биыл шаруашылықтар шет мемлекеттен асыл тұқымды тағы 400-ін әкелмек.
Қазалыда тұрғын үйге мұқтаж 842 азамат кезекте тұр. Мәселені шешу үшін, өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Әйтеке би кентінде 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ, кент пен қала аралығынан 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын салу үшін құжаттар әзірленген. Бұл жұмыстар толық аяқталса, кезекте тұрған 252 адам тұрғын үймен қамтылады.
Абаттандыру жұмыстары да нәтижелі. Аудан орталығындағы 2 қабатты тұрғын үйдің аумағы абаттандырылып, демеушілік есебінен жылу жүйесіне қосылған. Мұнан бөлек, былтыр Ақтан батыр, Пірімов, Ақсуат ауылдарына орталық саябақ салынған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Атап айтсақ, Бозкөл, Шәкен, Бірлік, Сарбұлақ елді мекендерін абаттандыруға аудандық бюджеттен 71 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарына келсек, өткен жылы Әйтеке би кентінен 300 орындық мектеп, Жанқожа батыр ауылынан спорт кешені ашылды. Ал «Қарлан» учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісі жүргізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Жанкент ауылынан дәрігерлік амбуллатория ашылды. Қазір өткен жылы басталған 6 нысан құрылысы жүргізілуде.
Аудан халқын алаңдататын мәселенің бірі – көпір. «Әлсейт» көпірінің құрылысын жалғастыру үшін биыл да қаржы бөлінген. Бұл жұмыстар осы жылы аяқталып, көптен күткен құрылыс ел игілігіне берілмек. Ал, «Қарлан» учаскесіне көпір салу облыс әкімінің қолдауымен САРАТС-2 жобасына енгізілген. Бүгінде жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Брифингте аудан әкімі білім, денсаулық, спорт, мәдениет саласын дамытудағы оң тенденцияларды да атап өтті.
Аудан халқының 26 проценті – жастар. Мұрат Нәлқожаұлы Жастар жылына орай флешмоб пен бірсарынды форматтағы жиындарды емес, жастардың ұсынысын ескеріп, нақты жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».











ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 ақпан 2019 г. 902 0