Ұлы дала елінің тұғырлы тарихы

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында С.Айтбаев атындағы көр­кемсурет галереясында «Ұлы дала елінің тұғырлы тарихы» атты көрме өтті. 

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов өткенімізді жаңғыртуды көздеген шараның маңызы жайлы тарата айтты.

– Біз – ықылым заманнан «Ат – ер қанаты» екенін біліп, ерекше қадірлеген елміз. Жау­кер­шілік кезеңде ат үстіне қонған батырларымыз Алтай мен Атырау, Арқа мен Сыр­дың арасын қорғап, ұлан-ғайыр жерді аманат етіп кетті. Қазақ бала алғаш отырғаннан бастап, тоқымқағар тойын жасаған. Біздің халқымызда бір ғана аттың өзіне қатысты 500-ге жуық мақал-мәтел, қанатты сөз, тұрақты тіркестер бар. Мұ­ның бәрі де біздің ата-бабаларымыз ат үстінде жүріп, жинаған тәжірибесінің жемісі. Кешегі тарихи батырлар жырларында олардың аттарын ерекше суреттеген.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында алғашқы атты қолға үйрету, міну мәдениеті жайлы қамтылған. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, келешек ұрпаққа құнды дүниелерді жеткізе білуіміз керек. Біз тәуелсіздік кезеңде ұлттық салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды  қайта өрістетіп жатқан елміз. Осы тұста Елбасымыз алдымызға үлкен сындарлы міндет қойды.

Біз өткен жылы аймақ бас­шы­сының қолдауымен, Ұлт­­тық ат спорты федерация­сымен бірлесе отырып, арнайы федерацияның жанынан мектеп аштық. Ат спортын дамытуға үлес қосатын мектепті ат әбзелдерімен, түрлі құрал-жаб­дықтарымен қамта­ма­сыз етіп жатырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұнан кейін жиында сөз алған қазақ халқының салт-дәстүрін  кейінгі жастарға дәріп­теп жүрген жеке коллекционер, қала тұрғыны Қожабек Жаппасбай  жиналғандарға атқа міну мәдениеті жайында кеңінен әңгімелеп берді. Қожабек Бөле­бай­ұлы қазір 72 жаста. Он жасынан бастап, бәйгеге шапқан. Ауыл шаруашылығы саласында қырық жыл еңбек еткен. Бүгінде зейнет жасын­дағы қария балалары мен немерелеріне салт-дәстүрді насихаттап, атқа міну мен оның пайдасы жайында айтып келеді.

Көрмеге жиналғандар Ботай тұрағынан табылған алғашқы қолға үйретілген жылқыдан бас­тап, «Пазырық» қорғанынан табылған кілемде бейнеленген арғымақ, Берелде жерленген ат, Еуразия белдеуіндегі көне түркілердің тұлпарлары туралы, Ғұн және сақтың атты жауынгерлері суреттелген  туындыларды тамашалады. Жалпы, көрме екі кезеңнен тұрды. Ежелден ат баптаған қазақтар жаһандық мәдениетті дамытуға үлес қос­қаны жайлы баяндалатын фотосуреттер, облыстық тарихи-өлкетану музейі қо­рында сақталған ат әбзелдері, киім үлгілері, этно­гра­фиялық бұйымдар, тұрмыстық заттар, ер қаруы – бес қару, атқа міну мәдениетіне қатысты суреттер көрмеден орын алды.

Шараға қатысқан өреннің бірі – М.Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің 8 «Ә» сынып оқушысы Ернұр Әжікен. Ол көрмені тамашалау кезінде өзіне қажетті көп­теген құнды мағлұмат алға­нын жеткізді. Ең алғашқы қолға үйретілген жылқының суретінен бас­тап, бүгінгі жыл­қыға дейінгі аралыққа саяхат жасап қайтқанын айтты. Музей қорында сақталған ат әбзелдерінің ерекше үлгіде жасал­ғанын көріп, таңданысын жасырмады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өт­кен көрмеге зиялы қауым өкілдері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен жер­гілікті қылқалам шеберлері, қала тұрғындары қатысты.


Сара АДАЙБАЕВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қаңтар 2019 г. 650 0