« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Gazet poshtasynan
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген жақсының жақсылығын айту, оның еңбегін бағалау азаматтық борышымыз деп білемін. Тарих қойнауына енген 2018 жылдың соңғы күндерінде Арал ауданынан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінде халықтың көптен күткен үлкен қуанышы болды. Атап айтқанда, ауылдың қақ ортасында көрнекті жерден еңсесі биік, тұрғындарға медициналық қызмет жасайтын, фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, халықтың игілігіне берілді. Ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жергілікті халықтың қуанышымен ортақтасты.
Әрине, бұл ел ішіндегі еңбектің бір ғана көрінісі. Соңғы уақытта ауданда тындырымды істер көбейді. Аудан орталығында да түрлі әлеуметтік нысандардың ашылғанына куә болып келеміз. Ауылдық жерлерде мектеп ғимараттары, дәрігерлік емханалар мен медициналық бекеттер ашылды. Жаңақұрылыста көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Жаңақұрылыс – Бекарыстан би аралығындағы автожолға бұл күнге дейін жөндеу жүргізілмеген еді. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, осы 23 шақырым жолдың жайын бір жиында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына жеткізгенімізде жан-жақты қарап, оң шешімін табатындығын айтқан. Көп уақыт өтпей-ақ, Жаңақұрылыс – Бекарыстан би аралығында 23 шақырым автожол Қазалы ауданынан Арал ауданының теңгеріміне алынып, қаражат бөлінуіне ықпал жасалды. Жұмыс басталды, сәтін салса, биыл жыл аяғына дейін 23 шақырым жол асфальтталып, халықтың игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Қазір аудан, кент, ауыл әкімдерінің тұрғындарға есепті кездесулері өтуде. Халық мұндайда ұсыныс-пікірін айтады және оның орындалуын күтеді. Шалғайда орналасқан шағын ауылға 2018 жылы жасалған еңбекті «Сыр бойы» газеті арқылы осылай айтуды жөн көрдік. Әрине, халықтың мұқтажы бір мезетте шешіле бермейді. Әр нәрсенің өз кезегі бар. Кейде кездейсоқ оқиғалар болады. Бұндайда басшының іскерлігі, білімділігі, көрегенділігі, табандылығы керек. Жоғарыда айтқандай, Арал қаласында өткен жылы келеңсіз оқиға болды. Ж.Әлімбетов көшесіндегі екіқабатты тұрғын үйде төтенше жағдай орын алып, 19 отбасы үйсіз қалды. Осы сәтте облыс басшысы келіп, тұрғындарды сабырға шақырып, аманшылық болса 4-5 айда жаңа үйге қоныстанатындығын айтқан еді. Сонымен қатар Аралтұз көшесіндегі екіқабатты 8 отбасы тұрғын үй де апатты болып танылды. Осы 27 отбасыға заманға сай үйлер салынып, айтылған уақытта үй иелеріне кілттері табыс етілді. Сол кезде жас сәбилердің жәудіреген көздерінен нұр шашылып, ата-аналарының қуаныштарында шек болған жоқ. Арал өңірінде 2018 жылы 150 орындық орталық аурухана, №14 жаңа типті мектеп, аудандық сот ғимараты және де түрлі сауда орталықтары, ауылдық жерлерде мектеп, емхана, балабақша, медициналық бекеттер ашылып, халық игілігіне берілді. Мұның барлығы айтуға оңай, ал жұмыс бастау, құжат жинау, қаражат көздерін табу оңай шаруа емес.
2015 жылы ауыл орталығында жаңадан 200 орындық екіқабатты мектеп бой көтерді. Мектептің алғашқы іргетасын аймақ басшысы өз қолымен қалап, бақылауға алды. Мектеп құрылысы сапалы аяқталғаннан кейін ашылу лентасын қиып, ауыл тұрғындары мен ұстаздарға, оқушыларға игі тілек білдіріп мектеп бітірушілерге сәттілік тіледі. Бірнеше жылдан бері ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырғанымен, «Алтын белгіге» қол жеткізе алмай келе жатқан мектеп ұстаздары мен оқушылар осыдан кейін үш жыл қатарынан «Үздік аттестат» пен «Алтын белгіге» ие болды. Біз, ауыл ардагерлері, облыс, аудан басшылығына елдің шынайы ықылас-пейілін жеткізгіміз келеді.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі.
Жаңақұрылыс ауылдық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |