Қылмыстың алдын алу жәйі талқыланды
Арал. Аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратында «Аудан көлемінде 2013-жылдың 9-айында орын алған қылмыстық жағдай, оның ішінде қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстың алдын алу, қылмыстардың ашылу деңгейі» және өзге де тақырыптар негізінде кеңейтілген ведомствоаралық мәжіліс өткізілді. Оны аудандық прокуратура ұйымдастырды.
Аталмыш мәжіліске аудандық әкімдіктің, аудандық ішкі істер бөлімінің, аудандық қылмыстық атқару инспекциясының, «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалының, жұмыспен қамтуды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдары басшыларының қатысты. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мәжілістің қорытындысы бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығына қылмыстың алдын алудағы профилактикалық жұмыстарды жандандыру, түнгі кезекшіліктегі қызметкерлердің тынымсыз жұмыс жасауын қамтамасыз ету және қылмысты ашу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру, қылмыстық істер бойынша статистикалық кәртішкелерге енгізілетін мәліметтердің шынайлығын қамтамасыз етіп, мерзімінде қою жүктелді.Сонымен қатар, аудандық қылмыстық-атқару инспекциясына қайталап қылмыс жасауға бейім бұрын сотталған адамдарға бақылау-қадағалау шараларын күшейту, сотталғандарды қылмыс жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жоюға шаралар көру және сотталғандарды жұмыспен қамту мақсатында қала, кент, ауылдық округ әкімдіктерімен тығыз байланыс орнатып, белгіленген іс-шаралардың шынайы түрде орындалуын және әлеуметтік құқықтық көмектің көрсетілуі қатаң бақылауға алу тапсырылды.