Ақсуатта шағын зауыт ашылды
Қызылорда. Қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында білім жетілдірген жеке кәсіпкер Асхат Нұрсейітов тас өнімдерін шығаратын шағын зауытын ашты.
Онда 320 түрлі тас өнімдерін, оның ішінде қабырға өретін кесек, бордюр, брусчаткалар дайындалады. Жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысаны ауылдық 5 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осылайша Қызылорда қаласында бизнесті қолдау, оның ішінде ауыл кәсіпкерлерінің әлеуетін көтеру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар табысты жүзеге асырылуда.
Бизнес өкілдеріне қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында Президенттің тапсырмасымен қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы бойынша 26 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 4 млрд 374 млн теңге құрайды. Соның нәтижесінде жаңадан 889 жұмыс орны тұсауын кесті. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен 267 млн теңге бөлінді. Жыл аяғына дейін 105 кәсіпкердің жобасы қаржыға ие болады деп жоспарланып отыр.