Үстіміздегі жылдың 1-3 маусым аралығында Байқоңыр қаласында ҚР Президентінің жүлдесі үшін V облыстық халықтық спорт ойындары басталады. Жарысқа облыстың барлық 7 ауданы мен Байқоңыр, Қызылорда қалаларынан 1000-ға жуық спортшы қатысады.
Сайыс спорттың 9 түрінен волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі, президенттік көпсайыс және асық ату бойынша өткізіледі. Осы ойындардан жеңіске жеткен спортшылар үстіміздегі жылдың 10-14 қыркүйек аралығында Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында болатын республикалық халықтық спорт ойындарына қатысады.
«Айта кетейік, төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл сайыс 1998 жылы Астана қаласында алғаш рет жалауын көтерген еді. Спорт ойындарының салтанатты ашылуы 1 маусым күні сағат 15.00-де «Десятилетие» стадионында өтеді» деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.