Үстіміздегі жылдың мамыр айының 28-30 күндері аралығында облыста «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Бұл шара өңірдегі жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануды төмендету және жолаушылар тасымалы саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау бағытталған. Сондай-ақ, жол бойында орын алған апаттылыққа, олардың салдарының ауырлығына тікелей әсер ететін жол қозғалыс ережесін бұзу, әсіресе көлік құралдарын алкогольдік мас күйде басқару деректерін анықтау, жылдамдықты асыратын құқық бұзушылықтардың жолын кесу және жедел ахуалды сауықтыруға көңіл бөлінді.
Жол-көлік оқиғаларына тікелей септігін тигізетін өрескел құқық бұзушылықтардың бірнеше бағыттары бойынша жұмыс атқарылып, түнгі рейдтер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, көлікті мас күйде басқару, қозғалыстың жылдамдығын асыру және басып озу, қарсы бағытқа шығу, маневр жасау, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерін өту, қауіпсіздік белдіктерін қолдану мен ұялы телефонмен сөйлесуді бақылауды күшейту, мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегендерге көлік құралын басқару.
Қызылорда ОІІД Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жедел профилактикалық іс-шараның екі күнінде 1125 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде көлікті мас күйінде айдаған 25 жүргізуші және қауіпсіздік белдігін тақпаған 266 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Ағымдағы жылдың 4 ай көлемінде облыс аумағында барлығы 35 мыңнан астам жол қозғалыс ережесін бұзу дерегі анықталса, оның ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік құралдарының жүргізушілеріне 545 әкімшілік хаттама толтырылған.