
Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Тілеуберген Қаныбетов пен облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалбаеваның қатысуымен брифинг өтті. Онда мекемеде жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы баяндалды.
Брифингте Тұмар Шалбаева «Қызылорда су жүйесі» мекемесіне еңбек инспекторлары жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Осы жылдың қазан айында мекеме қызметкерінен еңбек қатынастарына байланысты арыз түскен. Оның негізінде мемлекеттік еңбек инспекциясы кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру тағайындаған. Арызда мекемеде қысқарту жүргізіліп жатқандығы, жалақының уақытылы төленбеуі және мерекелік демалыс күндері жұмысқа шақырылғаны үшін еңбекақы төленбегендігі айтылған. Тексеру нәтижесінде арыз иесіне жалақы уақытылы төленбегені анықталып, жұмыс берушіге тексеру нәтижесімен нұсқама беріліп, жауапты тұлғаға ҚР әкімшілік кодексінің талабына сәйкес 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Сонымен қатар демалыс, мереке күндері жұмысқа тартылғаны және соған сай еңбекақы төленбегені де расталған. Бұл тарапта да жұмыс берушінің Еңбек кодексінің 85-бабының 1, 2-ші тармақтары талаптарын бұзғандығы анықталып, нұсқама енгізілген. Нәтижесінде азаматшаға демалыс, мереке күндері жұмыс жасағанына еңбекақысы толық берілді. Ал, қысқарту мәселесін қарау барысында мекеменің ішкі құжаттары зерттелді. Бұл жөнінде Т.Шалбаева алдыңғы штаттық кесте мен жаңадан бекітілген кестені салыстыру кезінде арызданған азаматшаның штат бірлігі қысқартылғаны белгілі болғанын айтты. Қысқартылған қызметкерлердің тізімін зерттеу барысында мекеменің ұжымдық талабына қайшы келетін жайттар анықталған. Сондай-ақ, аталған мәселелерге байланысты кәсіпорын қазіргі кезде тиісті жұмыстар жасап, түзетулер енгізген. Ал, арыз берушіге еңбек инспекциясы тексеру нәтижесін жазбаша жауап беріп, түсіндіру жұмыстары толығымен жүргізілді.
«Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Т.Қаныбетов аталған мәселені кәсіпорында оңтайландыру жұмыстарын жүргізумен байланыстырды. Мекемеде 47 қызметкердің штаты қысқартылған. Бірақ осы азаматтардың 32-сі мекемеге қайта жұмысқа қабылданыпты. Қалған 16 адамның 2-і өз еркімен жұмыстан шыққан. Өзгелері қайта жұмысқа тартылу үстінде.
Жалпы, әрбір қызметкердің құқығы заң шеңберінде сақталып, қорғалуы тиіс. Сонда мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейтіні анық.
Сара АДАЙБАЕВА