
Жаңа жылды жақсылап қарсы алу үшін мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау өте маңызды. Осы орайда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг осы мәселеге арналып, онда Қызылорда облысы ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқарма басшысы Руслан Қайрақбаев пен облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Сәбит Сатқанбай профилактикалық шаралар туралы айтып берді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық полиция департаменті бірлесіп, 2018 жылдың 18 желтоқсаны мен 2019 жылдың 3 қаңтар аралығына профилактикалық іс-шаралар жоспарын жасап, штаб құрылған және жұмыс мүшелері жасақталды.
Жаңа жылды отшашусыз елестете алмаймыз. Алайда, пиротехникалық заттарды ереже бойынша қолданғанмен, қолға сапасыздары түсуі де ғажап емес. Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, республика бойынша мереке қарсаңында азаматтық пиротехникалық бұйымдарды заңсыз әкелу, сақтау, сату және пайдалану фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында “Пиротехника” жедел профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Осы шара шеңберінде облыс көлемінде осындай заттар сататын орындарда күнделікті тексерулер жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары пиротехникалық заттарды тек мамандандырылған дүкендерден алуға кеңес береді. Заңмен белгіленген талаптарды бұзып, пиротехника бұйымдарын сатқан жағдайда ҚР Әкімшілік кодексі бойынша жауапқа тартылып, айыппұл төлейді. Жүргізілген 25 рейд барысында 9 құқық бұзушылық дерегі анықталған.
Жоспарға сай, білім және денсаулық сақтау саласындағы мекемелерде кезекшілік ұйымдастырылуда. Білім ошақтарында оқушыларға мектеп инспекторлары дәріс оқып, пиротехникалық бұйымдарды қолданудың қаупі жайында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл іске блогерлер де тартылып, түсіндірме жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы да таратылуда. Ата-аналармен кездесу барысында өрттің алдын алу шаралары мен қауіпсіздік ережелерін сақтау, кәмелет жасқа толмаған жас жеткіншектерге құрамында жарылғыш заттар бар салюттарды сатуға тыйым салынғаны және заңды бұзғандар жауапкершілікке тартылып, үлкен айыппұл төлеуге міндеттелетіні туралы айтылуда.
Брифингте өткен 11 айда облыс көлемінде тілсіз жаудан келген зардаптар дерегі де айтылды. Өрт оқиғаларынан 11 адам қаза болып, 8 адам жарақат алған. Материалдық шығын көлемі 46 млн 383 мың теңге.