
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы кәсіпкерлер үшін семинар ұйымдастырды. Кәсіпкерлер палатасында өткен семинарға ісін жаңа бастаған және кәсіпті дөңгелеткен кәсіпкерлер, барлығы 50-дей адам қатысты. Бұл уақыт сұранысына сай шара болды. Себебі, жаңалығы көп саладан қажетті ақпарат алу кәсіпкерге артық етпейді.
Семинарда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары А.Досжанов облысымызда үш жыл «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланғанын, алғашқы жылдың өзінде кәсіпкерлікті дамытуға қолдау аз болмағанын атап айтты.
– Биыл бес мыңға жуық азамат өз кәсібін жаңадан бастады. Кәсіпкерлікті қолдау жылында арнайы жол картасы қабылданып, түрлі қаржы көздерінен 32 млрд теңге қаржы бөлінді. Жыл қорытындысымен біздің өңір кәсіпкерлікке қолдау жасаудан республика бойынша үздік деп танылды. Бүгінгі семинарда мамандар кәсіпкерлерге бағдарламалар бойынша, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу және басқа тақырыптарда кеңес береді, – деді А.Досжанов.
Семинарда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының бас менеджері Ғ.Досмамбетова және филиал кеңесшісі Ш.Өндірбаева «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу, қайтарымсыз қаржы және басқа тақырыптарда мағлұмат келтіріп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.