Қызылорда. Бүгінгі күнге дейін облыста 40 онлайн-казинолары жабылып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдануда. Бұл жөнінде облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде сот қаулысымен 6 тұлға онлайн-казино ұйымдастырып, өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың иелігіндегі компьютерлер мемлекет пайдасына тәркіленсе, 2 дерек бойынша қылмыстық істер қозғалған. Қалған деректер бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, онлайн-казино иелерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, онлайн-казино сайттарын жабу жөнінде сотқа талап арыздар енгізілді. Қазіргі таңда бұл талап арыздар қаралып жатыр.
Айта кететін жағдай, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 269-1 бабына сәйкес, ойын бизнесін ұйымдастыруға үй-жайлар беру үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондықтан, прокуратура қызметкерлері ойын бизнесін ұйымдастыруға үй-жайлар берген тұлғаларға қатысты заңмен көзделген шаралар қолданылатынын халықтың есіне салады. Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11-бабына сәйкес, казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысының Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуға жатады.