
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев пен облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәменовтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Маңызды жиында Елбасының кезекті Жолдауы талқыланды. Спикерлер атқарылуы тиіс жұмыс барысын баян етіп, саланы дамыту бағытындағы бастамаларға тоқталды.
– Саяси құжатта жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жайы шет қалмаған. Елбасы бұл ретте халық пен бизнес өкілдері тиісті ақпаратқа толық қол жеткізе алмай отырғанын айтып, күрмеулі мәселе бойынша тәртіп орнату, жерді нақты инвесторларға беру қажеттігін алға тартты. Осы орайда жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкілетті органға жер учаскесін алған адамдардың тізімін уақытылы орналастыру және конкурстар мен аукциондардың өткізілуіне мемлекеттік бақылау ұйымдастырудың жаңа функциясын қолға алу тапсырылды. Бұрын мұндай құзірет болмаған. Бүгінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетімен жер қатынастары субъектілерінің жерді пайдалану мен қорғау, геодезия және картография қызметі бойынша тәуекел дәрежесін бағалау, өлшем шарттары мен тексеру парақтарын бекітуге байланысты жұмыстарды жүргізуде. Процесс аяқталғаннан кейін басқарма жаңадан берілген функцияны жүзеге асырады, – деді Қ.Серікбаев.
Бауыржан Шәменов те Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауда жауапты тұлғаларға арнайы тапсырма бере отырып, міндеттерді нақтылай түскеніне тоқталды. Оның айтуынша, құжатта әрбір өңірде экологиялық проблемаларды шешу бойынша шараларды жұртшылықпен бірлесе отырып әзірлеу, экологиялық мониторинг жүйесін дамыту мәселесі қозғалды. Осыған сәйкес, басқарма Қазақстан экологиялық ұйымдарының ассоциациясымен бірлесіп, 8 бағыттан тұратын Қызылорда облысының 2018-2020 жылдарға арналған қоршаған ортаны сауықтыруға қатысты кешенді шарасын бекітті. Сонымен қатар басқарма тарапымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері дайындалуда.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.