
Елбасы биылғы Жолдауында құрылыс саласына мемлекеттік тұрғыдан бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Парламент қарауына «Құрылыс туралы» жаңа Заң жобасы түсті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев жобадағы өзгерістер жайлы айтты.
Заң қолданысқа енгеннен кейін сәулет-құрылыс саласындағы нормативтер мен ережелер түбегейлі өзгеретін болады. Бүгінде басқарма тарапынан аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес саладағы бақылау-қадағалау қызметінің сапасын арттыру бағытында бірқатар ұйымдастыру шараларын жүзеге асырған.
Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысы айтуынша, облыстық бюджеттен бөлінген 30 млн 322 мың теңге қаржыға лаборатория автокөлігі, заманауи бақылау-өлшеу құралдары сатып алынған және мамандар арнайы киіммен, жеке қорғану құралдарымен жабдықталған.
«Жобалық кеңсе» бағдарламасы аясында техникалық қадағалау сарапшыларының айлық есептерін және мердігер мекемелер орындаған құрылыс жұмыстары туралы актілерді электронды форматқа көшіру мақсатында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесіп, «TexStroi-Smart» жобасы әзірленді.
Ал, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев егістік жерлердің электрондық картасы әзірленетінін айтты.
– Елбасының цифрландыру тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндіруші шаруашылықтардың егіс алқаптарын «QOLDAU» веб-порталына енгізу арқылы, егіс алқаптарының электрондық картасын әзірлеу тапсырылған болатын. Алдағы уақытта барлық қолдаулар мемлекеттік қызмет көрсету арқылы жүргізілмекші, – деді Ш.Қойшыбаев.
Шынар БЕКБАН.