
Бейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен актив жиыны өтіп, онда аймақ басшысы облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы, әділет полковнигі Ғанибек Отарбаевты зейнет жасына жетуімен құттықтады.
Салтанатты шарада құрметті азаматтың құқық қорғау саласындағы елеулі еңбегі мен бағындырған биігі, басшылық қызметтегі біліктілігі парасатты сөзбен сабақталды.
– Ғанибек Сырмағанбетұлы бас бостандығынан айырылғандардың түзелуін ұйымдастыру және пробация қызметінде есепте тұратын азаматтарды әлеуметтік оңалту саласында жауапты міндеттер атқарды. Қызметтегі қырағылығы, қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қалтқысыз еңбегі елеусіз қалған емес. Алға қойылған мақсаттардың үдесінен шығып, артылған сенімді ақтауымен дараланғаны үшін өткен жылы Елбасы Жарлығымен «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгін біз де сізге Сыр жұртшылығы атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстамақпыз, – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында Ғанибек Отарбаев жиналған қауымға алғысын айтып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ