
Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіп кешендеріне жаңа технологияларды енгізуге басымдық берілгені белгілі. Ал еңбек өнімділігін 5 жыл ішінде 2,5 есеге арттыру тапсырылды.
Бұл жұмыстар Сыр өңірінде де нәтижелі жүзеге аса бастады. Мәселен, Қызылордада толық автоматтандырылған жылыжай құрылысы аяқталуға жақын. Жылына 900 тонна қызынақ өндіретін кешеннің аумағы 2 гектар. Уақыт талабына сай озық технологияға негізделген жоба құны 1 миллиард 100 миллион теңге болса, оның 650 миллион теңгесі мемлекет қолдауымен қаржыландырылып отыр.
Елдегі ерекше жылыжайлардың бірінің құрылысы 90 процентке аяқталды. Енді Испаниядан әкелінген құрылғыларды орнатып, егін егуге кірісу керек. Айтпақшы мұндағы қызанақтар кәдімгі топыраққа емес, арнайы субстратта өсірілмек.
Ғани Алматов, серіктестік директоры:
- Кокосовый субстраттарда егіледі барлығы да. Жаңа технологияның өзінің сұранысы сондай болып тұр. Дүниежүзінде қолданатын тәжірибемен істейміз барлығын да. Барлығы да компьютермен басқарылады.
Құрылыс барысында 50 адам жұмыспен қамтылған. Ал жылыжай іске қосылғаннан кейін тұрақты 30 жұмыс орыны ашылады.
Серхио Молина, мердігер компанияның өкілі /Испания/:
- Жылу, жарық, суару, салқындату, күннен қорғау, тұман құру секілді жүйелер автоматты түрде басқарылады.Жұмысшылар тек дайын өнімді жинап, қорапқа салу үшін керек. Ал жаңа технологияның тілін жергілікті мамандарға Испаниядан келетін агрономдар 1 жыл көлемінде үйретеді. Әрі қарай өздері жұмыс істейді.
Мамандар жылыжай кешенін келесі жылдың ақпанында іске қосып, көктемде алғашқы өнімді саудаға шығаруды көздеп отыр.
Пірмұхамед Сыздықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұдан бөлек бізде Шиелі ауданында да 20 жылыжай салу жоспары бар шаруашылықтармен бірлесе отырып. Мұның барлығы айналып келгенде 2-3 мәселені шешетін болады. Біріншісі маусымаралық біздегі өнімдерді сырттан келетін импорт тауарларды төмендетіп, өзімізде көкөністердің бағасын түсіру болса, екіншіден адамдарға жұмыс көзі болып табылады.
Айта кету керек, Қызылорда облысында агроөнеркәсіп кешендерін цифрландыру бағдарламасы аясында 2022 жылға дейін бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Оның бірқатары бүгінде іске аса бастады. Мәселен, Шиелі ауданындағы тауарлы сүт смарт ферма таяу күндері іске қосылуы тиіс. Жалпы бүгінде аймақта 16 шаруашылық біртіндеп цифрлық технологияны енгізе бастады,-дейді мамандар.
www.24.kz