Ұлағатты ұстаз есімі ұлықталды

Ер есімі қашанда ел есінде. Кеше Жалағаш ауданы Дәуімбай елді мекенінде білім саласының ардагері Зияда Ижанов атындағы көшенің ашылу салтанаты өтті.
Халықтың қарапайым ұлы, білім саласының ардагерінің елеулі еңбегінің мәртебесін арттыру, құрметтеу, рухына тағзым етуге бағытталған салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов ашып:
– Сексен жылға жуық тарихы бар Жалағаш ауданының өсуі мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтар есімдері, аудан тарихының жаңа беттеріне жазылып, ардақталып келеді. Сондай асыл азаматтарымыздың бірі – атқарған ісі мен ұлағатты сөзі көпке жайылған, артына өшпестей із қалдырған, бүгінгі күні асыл бейнесін еске алып, әруағына құран бағыштап, ас беріп аудан орталығынан көше аты беріліп отырған арда азамат Зияда Ижанов есімі қашанда ел есінде – дей келе, арнайы жиын өткізуге бастамашыл болған Зияда ағамыздың ұрпақтарына, аудан ардагерлеріне ризашылығын білдірді.
Салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күлай Ермағанбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, сондай-ақ ұрпақтары атынан Құрмаш Маханов сөз алып, келелі жиында Зияда Ижанұлы туралы естеліктерімен бөлісті.
Шара соңында Зияда Ижанов атындағы көшенің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 желтоксан 2018 г. 602 0