
З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте Жалағаш ауданы әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңейтілген комиссия отырысы өтті.
Алқа мәжілісін комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов жүргізіп, қай уақытта болмасын, тәрбие жұмысында саналы, мақсатты және оған жету үшін ұқыпты ойланып істелген, жан-жақты қамтыған шаралар жүйесі қажет екендігіне тоқталды.
– Қай қоғамда, қай елде болмасын елдің үміті, жарқын болашағы – жастар. «Жастар-болашаққа апаратын алтын көпір», – демекші, әрбір халықтың кемел келешегін жасаушылар жастар болатыны ақиқат. Әрине, жастар дегенде біздің ойымызға бүгінгі оқушы, ертеңгі студенттер қауымы, түсетіні анық. Мемлекетіміздің ең ірі қозғаушы күші де, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайын дамытушылар да – осы Сіздерсіздер. Бүгінгі күні ауданымызда кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қылмыстылық жағдайлар орын алуда. Бұл жағдай барлығымыздыда алаңдатады, - деді аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов.
Кеңейтілген комиссия отырысына аудандық полиция бөлімі, ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметкерлері, бөлім басшылары, мектеп директорлары, ата-аналар кеңесінің төрағалары қатысты.
Баяндамашылар кеңейтілген алқа мәжілісінің күн тәртібіндегі мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Айта кетер болсақ, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында 2018 жылдың 11 айымен орын алған құқық бұзушылықтар, қабылданған шаралар туралы, білім беру ұйымдарында орын алған құқық бұзушылықтар туралы, кәмелетке толмағандар арасында діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы шаралар, бала тәрбиесіндегі ата-ананың қоғамдағы рөлі; жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмаудың алдын алуға байланысты хабарламалар жасады.