«Төл тарихын бағалау – ел табыстылығының кепілі»

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі тарихының әрбір беті ұрпаққа өнегелік із қаларлықтай маңызды оқиғаларға толы. Соның бірі –Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған «Төл тарихын бағалау – ел табыстылығының кепілі» атты дөңгелек үстел. Елбасы мақаласы бойынша өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерімен ой бөлісіп, оны насихаттау, жастарды халқымыздың тарихи мұраларын, құндылықтарын бағалауға үйрету, Елбасы саясатының өміршеңдігін түсіндіру, төл тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты тарихи сананы жаңғырту бағытындағы жобалардың ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті.

Аталған шараны колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ә.Сайлыбаев жүргізіп отырды. Рухани – танымдық мәні бар басқосуға аймағымызға белгілі ғалымдар - философия ғылымдарының докторы, профессор, «Өрлеу» БАҰО» Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі Б.Қожамберлиев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қорқыт ата атындағы ҚМУ – нің Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедра меңгерушісі А.Оразбақов, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Мыңжас, Қызылорда облыстық тарихи – өлкетану музейінің ғылыми хатшысы А.Сайлау қатысып, мақаланың өзектілігін, ерекшелігін, мақсат - міндеттерін оқытушылар мен студенттерге жан – жақты баяндады.

Сонымен қатар колледждің тарих және қоғамдық пәндер оқытушысы С.Малимова және педагогика пәні оқытушысы Ұ.Қалиева да Елбасы мақаласындағы айтылған ойлардың, бағдарламалар мен жобалардың колледжде оқытылатын пәндермен сабақтастығы, жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.

Жастар атынан «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4 – курс студенті Аппаз Гүлзат сөйлеп, Елбасы мақаласының жастар үшін маңыздылығына тоқталды.

Ұлттық рухты ұлықтау мақсатында жарияланған мақаланың тарихи-философиялық мәні – «Кеңістік –барлық нәрсенің, ал уақыт –бүкіл оқиғаның өлшемі» -делінген терең тұжырымда жатыр десек, мақала мазмұнының маңыздылығы сол - біз тек кім екенімізді, өткен тарихымызды танып қана қоймаймыз, алдағы уақытта зерттейміз, зерделейміз. Ол үшін Елбасы өз мақаласының екінші - «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімінде бірнеше ауқымды жобалар ұсынып отыр. Ұлы Даланың көпғасырлық рухани әрі материалдық мұраларын заманауи технологиялар мен жаңа қалыптасып жатқан цифрлық өркениеттің сұранымына сай қайта жаңғырта білу, оны ел жұрттың пайдасына жарата түсу – еліміздің рухани және технологиялық тұрғыдан дамуына жаңа екпін қосары сөзсіз.

Өз кезегінде студенттер келген қонақтарға мақала мазмұнына байланысты сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 желтоксан 2018 г. 895 0