
“Жасыл” экономика бағытындағы секция отырысына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов және “Халықаралық Аралды құтқару қоры” атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз қатысты.
Форумға осы бағытта жұмыс жасайтын “Profit Master” ЖШС, “ГРАНТ Technology” ЖШС, “Химпроинжиниринг” ЖШС секілді отандық компаниялармен бірге Испаниядан “MSK Greenhouses”, Израильден “Development Vellass.r.o” компаниялары және басқа ғылыми ұйымдар қатысты. Келелі жиында баяндамашылар тарапынан әлемдік тәжірибедегі “жасыл” экономиканың бүгінгі беталысы жан-жақты қамтылып, болашағы жайлы байыпты ұсыныстар ортаға салынды.
Біздің облыс үшін аграрлық сектордың одан әрі дамуы Арал-Сырдария бассейніндегі су деңгейіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары Сырдария өзенінде судың азаюы, сумен жабдықтауға қатысты кейбір мәселелердің туындауы, сондай-ақ, азық-түлікке сұраныстың артуы ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтудың жаңа тәсілдерін енгізуді талап етіп отыр.
Облыс аумағындағы шамамен 238 мың гектар егістік жер толығымен суармалы жүйеге бейімделген. Сондықтан біз үшін суды тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бұл орайда биылғы жылы Арал өзенінің тұзды жерлерін ауыл шаруашылығына қайтару мақсатында облыста “Оазистік суарудың көрсетілімі” жобасы іске асырылды. Жаңа бастаманы Жалағаш ауданындағы “Манақ Баба” шаруа қожалығы қолға алып, жазық далаға тамшылатып суару әдісімен алма бағын екті.
Аймақта суды үнемді пайдалану үшін егіс дақылдарын әртараптандыру шаралары да қолға алынған. Яғни, мал азықтық және майлы дақылдардың көлемін арттыруға басымдық беріліп отыр. Мысалға, 5 жылда мақсары көлемі 1,3 мың гектардан 10 мың гектарға дейін артқан болса, одан әрі 20 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.
Облыста тамшылатып суару әдісімен 4 мың гектарға арналған қызанақ егу, жем-шөп дақылдарын өндіру және басқа бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, 51,3 мың гектар аумақта суды үнемдейтін суару әдістерін қолдану жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, өңірде мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін алыс жайылымдарды дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айталық, соңғы 4 жылда алыстағы жайылымдарда 313 ұңғыма салынып, 154 күн панелі сатып алынған.
Жиында “Profit Master” компаниясының өкілі А.Шпигуннің “Биоқалдықтарды өңдеудің тиімді әдістері”, Чех Республикасындағы “Development Vellass.r.o” компаниясының бас менеджері” Я.Ходоровскийдің “Жылу энергетика саласының дамуы”, испаниялық “MSK” компаниясының өкілі Ф.Молинаның “Автоматтандырылған өндірістік жылыжайының құрылысы” жобалары қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Сонымен бірге, жылыжай жобалары, органикалық өсімдіктер өсіру, оларды табиғи әдіспен зиянкестерден тазарту, ет, балық өнімдерін дайындаудың жаңа әдістері, табиғи газ және электр энергиясын өндіру бағытындағы бірқатар ұсыныстар бойынша жаңаша бизнес бастамаларды іске асыруға келісім жасалды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
"Сыр бойы".