
Алматыда қазақ күресінен «Әлем барысы» абсолюттік әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін хабарланғандай, чемпионатқа қатысатын 33 балуанның салмағы жарыс ережесіне сай 90 келіден асқан. Нәтижесінде жаңазеландиялық балуан Чико Реремоана Пембертонның таразыдағы таза салмағы 161 келіні көрсетіп, аталған турнирдегі ең ауыр балуан атанды. Ал Қазақстан намысын қорғайтын бес балуанның арасынан Нұрдәулет Жарылғапов ең ауыр салмақтағы балуандардың үздік төрттігінен көрінді. Оның салмағы - 142 келі.
Салмақтары ең ауыр 10 балуан: 1. Чико Реремоана Пембертон (Жаңа Зеландия) - 161 кг
2. Жафар Пахлеванижагхаргх (Иран) - 156 кг
3. Танель Карро (Эстония) - 143 кг
4. Нұрдәулет Жарылғапов (Қазақстан) - 142 кг
5. Айбек Нұғымаров (Қазақстан) - 142 кг
6. Лукаш Хавачек (Чехия) - 140 кг
7. Игорь Костинс (Латвия) - 127 кг
8. Томаш-Петр Талач (Польша) - 126 кг
9. Руслан Әбдіразақов (Қазақстан) - 125 кг
10. Роман Бобиков (Ресей) - 123 кг
Қазақ күресінің ережесіне сәйкес белдесудің негізгі уақытында ұпай саны тең түссе, қоянқолтық белдесу болады. Онда да жеңімпаз анықталмаған жағдайда, балуандардың салмағы өлшеніп, жеңіс салмағы жеңілге беріледі. Қазақ күресінен түйе балуандар арасындағы әлем чемпионаты Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатыр. Чемпионатты «Qazaqstan» және «Qazsport» арнасынан тікелей эфирден көруге болады.
Фото: iqkf.org.kz