Түркі халықтары үшін үлкен мәдени құбылыс

«Қорқыт ата» мұрасының ЮНЕСКО-ның материалдық емес рухани мұралар тізіміне енуі – Қызылорда облысының жұртшылығы ғана емес, жалпы ел үшін, түркі халықтары үшін үлкен мәдени құбылыс. Демек, енді Қорқыт ата мұраларының әлемдік деңгейде зерттелуіне жаңа жол ашылады. Бұл облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың, мәдениет саласындағы барлық қызметкерлердің еңбегі деп білемін.

Қорқыт ата мұралары түгел түркі жұртына ортақ, мағыналы, рухани дүние. Ол – музыкант, қобызшы, бақсылардың атасы, ойшыл. Сондай-ақ, өлмес өмірді іздеген, мәңгілікке бет алған үлкен жолаушы деп білеміз. Бүгінде біздің заманымызға жеткен 12 күйі, аңыздары, өмірі, шығармашылығы туралы деректер бар. Дрезденде, Ватиканда сақталған «Деде Қорқыт» кітабы осыған дейін орыс, қазақ тіліне аударылды. Айталық, 1922 жылы орыс тілінде «Книга моего деда Коркыт» деген атаумен аударма жасалды. Одан кейін әзірбайжан, түріктер де кітап етіп басты. Осы кезге дейін Қорқыт ата кітабы, орыс, түрік тілдерінен қазақ тілдеріне аударылса, енді кітаптың түпнұсқасын, Дрездан, Ватикан нұсқаларын қазақ тілінде сөйлету міндеті тұр. Биыл өзім Қорқыт атаның жеріне еңбек етуге келгеннен кейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында даналық сөздерін жинақтап, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дайындау жұмысын бастаған едім. Кітаптың сыртқы мұқабасының безендірілуіне Дрезден нұсқасының түпнұсқасын пайдаландық. Сондай-ақ, Сыр бойы суретшілерінің картиналарымен толықтырып, баспаға шығаруға әзірлеп қойдық. Енді, келер жылдың қаңтар айында басылып, елге жол тартады деген ойдамыз.

Серікбай ҚОСАНОВ,

Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі, 

түркітанушы. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2018 г. 507 0