Қырғызстанның облыстық прокуроры Анарбай Мамажакыпов өлтірілген Баткен облысында алты прокурор қызметінен кетті. Бұл туралы Қырғызстан Бас прокуратурасының басқарма басшысы Замир Бейшекеев баспасөз мәслихаты кезінде «Кабар» агенттігіне хабарлаған. Прокурор атап өткендей, қазіргі уақытта Баткен облысында сол күні аң аулауға шыққан прокурорларды қызметтік тергеу аяқталған. Прокурор қызметшісінің әдеп нормасын бұзып, аң аулауға шыққаны және спирттік ішімдік ішкені, аңшылық ережесін бұзғаны, атыс қаруын қолданғаны үшін, сондай-ақ Калыковты мас күйінде автокөлік құралын жүргізуге рұқсат еткені үшін Баткен облыстық прокурорының 2 орынбасары, облыстық прокуратураның 2 бөлім басшысы, Баткен ауданының прокуроры және оның орынбасары қазіргі қызметтерінен босатылды және қызметтері төмендетілді. Еске салайық, облыстық прокурор Анарбай Мамажакыповтың мәйіті 18 қарашада Баткеннен табылған. Оның денесінде зорлықпен өлтіру белгілері болған. Күдікті ретінде Күрделі құрылыс басқармасының басшысы Мелис Калыков ұсталды. 20 қарашада соттың шешімімен ол 2 айға қамалды.