БАСТЫ МАҚСАТ – САПА

Сандық технологияның нәтижесінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының кейбір қызмет түрлерін тұрғындар үйде отырып ала алады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы А.Мұхимов пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиал директоры А.Қайруллаев өткізген қоғамдық қабылдау барысында айтылды.
Ең алдымен «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорация­сы Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандандырылған бө­ліміндегі орталық жұмысымен танысқан тиісті мекеме басшылары жұмыстың сапалылығы мен қолжетімділігіне мән берді. Ең басты талап – халықтың кедергісіз қызмет алуы. Бұл мақсатта кейбір орын алған кемшіліктерді жоюға, қызмет сапасын әлде де жетілдіруге ұсыныс айтылды.
Ал, қоғамдық қабылдауға кел­ген­дердің айтар мәселесі бір. Соның бастысы – әуежайға барар жолда орналасқан бұл орталыққа жету үшін қоғамдық көлікті көбейту керек.  Кейбір тұрғындар өздері тұра­тын аудандағы инфрақұрылым мәселесін де осында айтып жатты.
– Бұл ұсынысты қала әкімдігіне жеткізетін боламыз. Жалпы, мамандандырылған халыққа қызмет көр­сету орталығында талапқа сай қыз­мет көрсетілуде. Қазір тұрғындар қайта­лама жүргізуші куәлігін орта­лыққа келмей-ақ, электронды портал арқылы ала алады. Бүгінде мыңнан аса тұрғындар осы қызметті үйде отырып алуда. Мұнымен қатар көлікті сату-сатып алуды тіркеу қызметін электронды түрде алуға болатынын көпшілікке насихаттаудамыз, – деді А.Қайруллаев.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қараша 2018 г. 546 0