Оралда бүгін қос автобус түйісіп, екі адам жарақат алды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оқиға түс қайта Деркөл кентінде Белая Казарма аялдамасы маңында орын алып, №7 және №4 бағытта жүретін автобустар соқтығысқан. Соның салдарынан №7 автобус жолдан түсіп кеткен. Абырой болғанда, автобус ағаштарға тіреліп, тоқтап қалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 15.34-те шақыртылған. Бригада 6 минуттан кейін жеткен. «Жол оқиғасы салдарынан 1989 жылғы әйел адам және 2005 жылғы қыз бала жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша екеуінің де миы шайқалған. Олар облыстық ауруханаға жеткізілді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сақпосынова. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде. Өңірде соңғы күндері қар жауып, жолдың тайғақ болуы мұндай оқиғалардың жиілеуіне әсер етуде. Мысалы, кеше Орал-Атырау жолы бойында, Зеленов ауданы Үлкен Шаған ауылы маңында жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, екі адам жарақат алды. «ВАЗ-2115» автокөлігі жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жеңіл автокөлік қатты зақымданған. Санавиацияға сағат 13.05-те қоңырау шалынған. Үлкен Шағаннан жедел жәрдем барған. Алдын ала мәлімет бойынша 1989 жылғы ер адамның оң қолының білегі сынған. 1995 жылғы ер адам кеуде тұсынан жарақат алған. Екеуі де облыстық ауруханаға жеткізілді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын дәл осы Орал-Атырау жолында болған апат салдарынан үш адам жарақат алғанын жазған болатынбыз.