23 мың кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы көтеріледі

Президент Жолдауын қолдау мақсатында Павлодар облысының 23 мың кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы көтеріледі, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Премьер-министрінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Осы жылдың қазан айында Мемлекет басшысы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл бастаманы бизнес-қоғамдастық та қолдап отыр. Бұл жолы қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы ниетін "Еуразиялық Топ" компаниясы білдірді.

"Қазақстан алюминийі" АҚ-ның адам ресурстарын басқару департаментінің басшысы Софья Левитинаның айтуынша, Еуразиялық топ Президент Жолдауына сәйкес топ қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру бағдарламасын әзірлеген. Осылайша, Еуразиялық топ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны көтеру үшін 17,6 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Жалпы алғанда бұл игі істің шарапатын 58,5 мың жұмыскер көреді. Оның 23 мыңы Павлодар облысының кәсіпорындарында жұмыс істейді.

"Әрине, өсім біздің кәсіпорын – "Қазақстан алюминийі" АҚ-на да әсерін береді. Бұл – 9 мың 300 адам. "Қазақстан алюминийі" АҚ Павлодар және Қостанай облыстарында орналасқан. Павлодар облысындағы еңбекақысы өсетін қызметкерлер саны – 5 мың 900 адам. Өсім жұмыскерлердің түрлі санатына байланысты 9 және 14% аралығында болады", - деп түсіндірді Софья Левитина.

Оның айтуынша, өсім қызметкерлердің біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты болады. Алайда, есептелген айлық жалақының мөлшері кен-металлургия өнеркәсібіндегі салалық коэффициенттен жоғары болары анық.

Сонымен қатар, Софья Левитина биылғы жылы компания еңбек ақы төлеудің айқындығы мен дифференциациясы үшін жалақы төлеудің жаңа жүйесіне көшуге дайындықтан өткенін хабарлады. Жұмысшылар жаңа еңбекақылық жүйеге ауысып, сыртқы және ішкі факторларға қарамастан, жалақысының бір бөлігін кепілді түрде алатын болады.

Еске салайық, бұған дейін Елбасы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың ел өңірлеріне жұмыс сапары барысында бірқатар ірі компаниялар өз қызметкерлерінің жалақы көлемін көтеру туралы ниеттерін білдірген еді. Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорын, "Фирма "Азия" ЖШС құрылыс компаниясы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыскерлерінің ең төменгі жалақы мөлшерін 50%-ға дейін көтереді. "Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" ЖШС да жұмыскерлерінің жалақысын көтеру мәселесін қарастырып жатыр. Алматы облысында "Алматы бояулары" ЖШС, "Абди Ибрагим Глобал Фарм" ЖШС, "Жаркент крахмал сірне зауыты" ЖШС қызметкерлерінің ең төменгі жалақы көлемін көтеру туралы шешімдерін мәлім етті.

Бұдан өзге, биылғы жылдың қазан айынан бастап Қарағанды облысындағы "Мутлу Экспорт" ЖШС зауытының жұмыскерлерінің жалақысы 34%-ға артты.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қараша 2018 г. 612 0