«Fake» ағылшын тілінен қазақ тіліне аударғанда «жалған» деген мағына береді. Соңғы кездері бұл сөз әлеуметтік желілерге қатысты қолданылып жүр. Себебі, қазір түрлі мақсатта ашылған фейк аккаунтар қаптап кетті. Ол арқылы өзгенің парақшасында теріс пікірін тізбектеп, тіпті ар-ожданға нұқсан келтіруге дайын тұратындар бар. «Виртуалды батырдың» мұндай ісінен кейін сіз намысы тапталғандай күй кешіп немесе ашуды ақылға жеңдіруге тырысуыңыз мүмкін. Ал, енді бірі көп күтпей-ақ, құзырлы органга шағымын тастауды құп көреді екен. Мәселен, биыл бірталай фейк орынсыз әрекетінен опық жеп, жауапқа тартылыпты. «Жалғандық жарға жығады» деген осы болар. Оның үстіне қазір ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ресми сайтына жаңа қосымша енгізді. Бұдан былай сіз әлеуметтік желілердегі суицидті, есірткіні насихаттаған, терроризм мен экстремизмге, қатыгездік пен ұлтаралық жанжалға үндеген топтарға және сайттарға шағым білдіре аласыз.
Кеше облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Ашық азаматтық Қоғам» ақпараттық-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен семинарда осы және өзге де қызықты ақпараттарға қанықтық. «El.kz» интернет жобасының жетекшісі Бэлла Орынбетова жүргізген тренингте дәстүрлі тәсілден тың технологияға бейімделу қажеттілігі айтылып, сапалы контент жасаудың, мақсатты аудиториямен жұмыс жүргізу арқылы табысты болудың тиімді тетіктері қарастырылды. Журналист пен баспасөз хатшысы арасындағы ақпарат алмасу мәселесі шет қалмады. Спикер апта сайын, ай сайын медиа мамандарының жұмысын жеделдететін жаңа сервистермен де танысып отыруға кеңес берді. Жалпы,семинар-тренингте қамтылған дүние аз емес. Біздің медиасауаттылықты арттыруға бағытталған шарадан түйгеніміз көп. Енді оны қажетке жаратуға асықпыз.