Ұлы дала ұлағаты

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының мақсаты төл тарихты ұлықтай білетін, бағалай білетін халықты қалыптастыру. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі болары сөзсіз.

Рухани жаңғыру бағдарламасының жалғасы саналатын мақалада Елбасы болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына тоқталып, халық қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды көптеп түсіруді ұсынды. Ежелгі ата-бабамыздан жалғасып, бүгінгі күнге дейін жеткен, дегенмен қазір қалыс қалып бара жатқан ат баптау, атқа міну мәдениеті де айрықша.

Қазақ жерінің  Түркі халықтарының және де Еуразияның басқа да халықтарының тарихында алар орны ерекше. Осынау асқар таулар, шатқалдар, ислам өркениетінің айрықша ескерткіштері мен күмбездері ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, түгел түркі әлемінің бесігі саналып келді. Дәл осы өңірде  бірнеше ғасырлар бұрын Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде бастауын алды. Қазақ жері күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы дейтініміз де сондықтан. Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу өте орынды бастама. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада түркологтардың дүниежүзілік конгресін және түрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндері аталып өтеді. Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру да негізгі мақсат. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады.

Еуразияның кіндігінде орналасқан Ұлы даламыз – Шығыс пен Батыстың арасындағы қақпа, өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан алтын көпір іспеттес. Әлемдік сауда жүйесінің дамуына, бүгінгі қатынас жолдарының «дәліздердің» пайда болуына тікелей ықпал еткен Ұлы Жібек жолының біздің жерімізден өтуі де жайдан жай емес. Кең байтақ Ұлы даланы  ұлықтау басты міндет.

Адина ҰЗАҚБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың  студенті

 

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қараша 2018 г. 983 0