
Қызылорда қаласындағы көркемсурет галереясында Түркістан облысындағы «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің
«Киелі Отырардың қасиетті мұралары» атты көрмесі қойылды.
Көрменің ашылу салтанатында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов Елбасының жақында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында археология саласының болашақтағы бағдары жайында қамтылғанын айтты.
Тарихы терең Отырар жайында ой қозғай келе, ондағы құнды жәдігерлерді Сыр жұртшылығына ұсынған музей ұжымына алғысын білдірді. «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық музейінің бас қор сақтаушысы Ералы Шоқай Отырар өлкесінің тарихы ертеден басталатынын жеткізді.
– Бұл көрме жетінші рет өтіп отыр. Отырар тарихынан сыр шертетін дүниелерді жергілікті тұрғындарға насихаттау мақсатында өткізілетін көрме шет мемлекеттерде де ұйымдастырылуда, – деді ол.
Сондай-ақ, жиында бас қор сақтаушы «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қолөнер шеберлері жасаған туындыны тарту етті.
Археологиялық қорық-музей көрмесіне келгендер Х-ХVІІІ ғасырларға тән археологиялық тұрмыстық бұйымдар, нумизматикалық және зергерлік заттар, қару-жарақ түрлері, әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы атанған Арыстанбаб және оның кесенесі туралы тарихи деректемелермен танысты. Көрмеде барлығы 200-ге жуық жәдігер ел назарына ұсынылды.
Жалпы, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі 1979 жылы ашылған. Музейдегі 25 мыңнан астам құнды жәдігердің барлығы дерлік түпнұсқа. Музей қорында V-XVIII ғасыр аралығын қамтитын жәдігерлер сақтаулы.
Сара Адайбаева,
"Сыр бойы".