
«Достық үйінде» Өзбекстанның Қазақстандағы жылына орай «Қаны бір елім, жаны бір елім» атты концерт өтті.
Шараның мақсаты – Навои облысы мен Сыр елі халқының достығын бұдан әрі дамыту, өзбек халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау, түрлі этностардың рухани және эстетикалық құндылықтарына толерантты көзқарас қалыптастыру мен ұлтаралық қатынастарды нығайту. Өзбек елінен келген топты Навои облысы әкімінің орынбасары Улугбек Сафаров бастап келді.
– Сыр өңіріне бірінші келуім. Маған халықтың қонақжайлығы қатты ұнады. Бізді жылы қабылдады. Мәдениетіміз, салт-дәстүріміз ұқсас келеді екен. Биыл ел тәуелсіздігіне 27 жыл толса, екінші жағынан Өзбекстанның Қазақстандағы жылы үлкен ауқымда тойлануда. Айтулы қос мереке қарсаңында қазақ жеріне табан тіреп, өз өнерімізді паш етпекпіз. Бұл біздер үшін үлкен мәртебе, – деді У.Сафаров.
Навои облысынан өңірге 20-дан астам өнерпаз келді. Кеште Өзбекстандағы қазақ әншілерінің әндері шырқалып, өзбек халқының ұлттық билері орындалды. Осылайша, екі ел арасындағы достық дәнекері тағы бір жарқын көрініс тапты.
Мейрамгүл Дауылбайқызы