
Өткен сенбіде Жалағаш ауданында ауылшаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменов атындағы дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ашып, туған жердің көркеюіне, ауылшаруашылығының өркендеуіне саналы ғұмырын сарп еткен, болмысы ерен тұлға туралы айта келе, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін турнирдің барлық қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Мөрәлі Шәменұлы – өзінің үлгілі ісімен елге елеулі еңбек етіп, аты аңызға айналған, беделі биік ірі тұлға, өз заманының іскер басшысы, ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы. Оның өмірі мен еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге –деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ, Қайратбек Әубәкірұлы аудандағы бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқталып өтті.

– Ауданда бұқаралық спортты дамыту басты назарда. Өскелең ұрпақты спортқа баулу, денсаулығы мықты азамат етіп тәрбиелеу күн тәртібінен түспеуі тиіс. Биылғы жылы ұлттық және бұқаралық спортты дамытуға 6 млн. 445 мың теңге қаржы бөлінді. Ауданда бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыстық бюджет есебінен жалпы құны 196,6 млн.теңгені құрайтын Мәдениет ауылдық тіректі елді мекенінде спорттық кешеннің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Таң елді мекеніндегі «Таң ЛТД» ЖШС-нің спорт ғимараты 2019 жылдың қаңтар айында халық игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарланса, Жалағаш кентінен «Дене шынықтыру және сауықтыру кешенін» салу үшін жер телімі бөлініп, 2019 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен алдағы уақытта Аққұм ауылдық тіректі елді мекенінде «Дене шынықтыру және сауықтыру» кешенін салу жоспарлануда – деді аудан басшысы.
Ашылу салтанатында қоғам қайраткері Мөрәлі Шәменовтің баласы Атамұрат Шәменов, сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов сөз алып, дзюдодан ҚР бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Жеңісбек Жақсыбек пен парадзюдодан әлем чемпионы Олжас Оразалыұлына алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, байрақты бәсекеге Астана, Жезқазған қалаларынан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген 17 команданың 300 спортшысы 9 салмақ дәрежесінде татами үстінде тайталасқа түсуде. Екі күнге созылатын жарыс нәтижесі ертең қорытындылатын болады.