
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында публицист, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» психологиялық драмасы қойылды.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және мүлдем төзбеушілікті қалып тастыру мақсатында қойылған спектакльде адам қарасы көп. Негізгі көрермендері мемлекеттік қызметшілер, арнайы мониторингтік топ мүшелері, «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» сынды клуб мүшелері және қала тұрғындары болды.
Қойылым шым-шытырық оқиғаларға толы. Кешегі кеңестік кезеңнің ащы ақиқаты айтылып, бүгінгі қоғамдағы базбір қорғансыз жастардың мұңлы трагедиясы драманың негізгі арқауына айналған. Драматург өткен мен бүгіннің ащы ақиқатын ашу барысында билік пен байлыққа ие болғандардың тоңмойын қылықтарына әлсіз, бейкүнә жандардың жанкешті күресін қарсы қояды.
Оқиғаның соңы әдеттегідей махаббат пен ізгіліктің салтанат құруымен аяқталса да, көрерменді еріксіз әртүрлі көңіл күйге жетелейді. Жемқорлықтың айқын жазасы қандай болатыны қойылымнан анық көрінеді. Ой саларлық, көрерменге рухани азық сыйлайтын туындының маңызы жоғары екенін байқадық.
Ержан ҚОЖАСОВ