
Химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебіне биыл – 5 жыл. Таңдаулы білім ордасы аз ғана уақытта республикада көшбасшылар қатарына шығып, бәсекеге бейімділігін көрсетті. Өткен сәрсенбіде «Сыр медиа» ЖШС басшылығы, серіктестікке қарасты облыстық, аудандық басылым редакторлары «СIS» халықаралық мектептер кеңесіне мүшелікке енген білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты.
Экскурсия барысында мектеп директоры Бақыт Жұматай әріптестерге оқу процесінің ерекшеліктерін көрсетті. Жетістіктердің аз еместігін атап өтіп, оқушылардың көпсалалы ғылымның тереңіне бойлап, үлкен ізденіспен білім алып жатқанын жеткізді.
– Қазіргі таңда мектепте 7-12 сыныптар аралығында 680 оқушы үш тілде тереңдетілген білім алуда. Барлығы ғылыми жұмыстармен айналысады, бірнеше рет аймақтық, республикалық олимпиадаларға қатысып, техникалық көрмелерден жүлдемен оралған. Мектепте қазақстандық, сондай-ақ Канада, Филиппин, Уганда, Кения және өзге елдерден келген 7 шетелдік маман жұмыс істейді. Біздің басты қағида – қабілетті жастардың әлемдік деңгейде шыңдалуына қолдау көрсету. Бұл орайда Ұлыбританияның ұлттық орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім бағдарламасының General Certificate of Education A-Level деңгейіне сәйкестігін растауы үлкен мүмкіндіктерге жол ашқанын айту керек. Ол түлектердің қазақстандық 10 беделді жоғары оқу орнына 2 курстан, ал Германиядағы университеттерге университеталды дайындық курсына қатыспай-ақ оқуға қабылдануына көмек береді. Биыл 132 түлек түгел жоғары оқу орындарына түсті. Әлемдегі 8 мемлекеттің білім гранттарын иеленді, – деді Б.Жұматай.
Байқағанымыздай, мұнда әрбір сабақ зертханалық жұмыспен жалғасын табады. Оқушылардың теория жүзінде алған білімін практикамен ұштастыруына мүмкіндік мол. Білім алушылар нанотехнология кабинетінде өрт сөндіру, криминалистика, медицина салаларына қатысты жасаған тәжірибелерін қызықтай алады. Ал, биотехнология кабинетінде ДНҚ тізбегін анықтап, жасанды жолмен ұлпа өсіру жолдарын зерттеуге, түрлі микробиологиялық синтездерді, генетикалық және клеткалық инженерияны қолдануға қатысты зерттеу жұмыстарымен айналысуына болады. Сонымен қатар білім ошағы IT, робототехника саласын дамытуды жолға қойған. «Мұның барлығы бізге әмбебап өнердің тереңіне бойлап, болашақта инновациялық технологияларды одан әрі игеруге септеседі», – дейді 12 сынып оқушысы Владимир Коряк. Естеріңізде болса, жас инноватор бұған дейін қаладағы автотұрақ мәселесін шешуге қатысты тың жоба ұсынып, көптің ықыласына бөленген еді. Осыған қарап, көпшілік «НЗМ оқушылары оқудан бас көтермейді» деген ойда қалуы мүмкін. Мүлде олай емес. Ізденімпаз өрендер шығармашылықтан да кенде емес екен. Әдебиет пен өнерге жақын. Қолдарынан шыққан әсем бұйымдардан көз сүрінеді. Оларды ерекшелендіріп тұрған да осы белсенділіктері. Серіктестік өкілдері оқушылардың бойындағы білімге деген сүйіспеншілік пен еңбекке, табандылыққа тәнті болды. Әрдайым тілекші екендіктерін жеткізіп, биік белесті бағындыратынына сенім білдірді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ.