ӨМІРЗАҚТЫҢ ӨЗГЕШЕ КӘСІБІ

 Мемлекет жастарға үлкен қамқорлық танытуда. Қандай да бір жарқын істі бастасаңыз соған даяр тұрған бағдарлама жетерлік. Қолдауға ие болып шыға келесіз. Мысалы, «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы. Жоба кәсіп бастаған кез келген жұмыссыз жасқа көмектеседі. Ең бастысы, ізденіс пен іскерлік жетсе болғаны.
Толығырақ түсінік бере кетсек. 2017 жылы басталған бұл жобаның түпкі мақсаты – осал топтағы жастардың бастамасына қаржылай қолдау көрсету және осы арқылы шағын және орта бизнесті дамыту. Бұған кәсібін ашсам деген 16-29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жастар қатыса алады. Жоба жеңімпазына 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Биылғы жылдан бастап бұл жоба біздің аймақта қарқынды дамуда.
Осы айда тілшілік тіршілікпен Сырдария ауданының бірқатар ауылдарын аралаған­быз. Бір байқағанымыз, ел етек-жеңін әлдеқашан жиған. Түрлі кәсіп, сәнді ғимарат ашып, шаруасын шалқытқан кәсіпкер көбейген. Бұның ішінде белсенді жастар да көп. Білім қуып, ғылымға иек артқандардан бөлек, жаңа жобаларды дүниеге әкеліп, кәсібін дөңгеленткендер жетерлік. Кәсіпкер болуға ұмтылған жастардың бірқатары мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауларға арқа сүйесе, кейбірі өз қаражаты есебінен кәсіп ашуда. Қызығушылығы мен ынтасы зор. Сондай жастың бірі – Айдарлы ауылының тұрғыны Өмірзақ Есболатов.
– Ауылдың баласымын. Жоғары білім бар. Бірақ, сол біліммен көбіміз жұмысқа іліге алмай жатамыз. Биыл маусым айында «Zhas Project» жайлы ақпараттар алып, содан ауылдың жастары Аида Накипова, Ерсұлтан Әлтаев үшеуміз  ақылдаса отырып «Мүгедектерді оңалту» орталығын ашсақ деп ойладық. Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысып, сауықтыру шараларында белсенді болса деген мақсатымыз болды. Жоба шілде айында ұсынылды. Тамыз айында 3 кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, бастама іске асатын болды. Алдын ала арнайы сабақ, курстар өткізілді. Қыркүйек айында жобаны бастап кеттік, – дейді жас кәсіпкер.
Өмірзақтың айтуынша, «Мүгедектерді оңалту» орталығының жалпы сомасы 926 000 теңгені құраған. Өмірзақ бірінші транш бойынша 463 000 теңгені алып, спорттық алаң дайындаған. Пазлы, жаттығу құрылғылары, түрлі басқатырғыштар, тоғызқұмалақ, дойбы, тағы сол сияқты керек дүниелерін түгендеген. Ауылдың  мүмкіндігі шектеулі  азаматын қамтыған кәсіпкер жігіт олармен интеллектуалды және спорттық шараларды жиі ұйымдастыруда.
– Қуанарлығы, бағдарлама жұмыссызға үлкен мүмкіндік береді. Жастарға өте тиімді. Әзірге 2 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Келешекте Айдарлыдан бөлек, Жетікөл, Аманкелді ауылдарын қамтитын, мүгедектерге арналған массаж орталығын ашсам деген жоспарым бар. Көп нәрседен шектеу көріп жүрген осы жандардың денсаулығының жөнделуіне, орнынан тік тұруына көмегім тисе деп армандаймын. Бәрі болмаса да, бірқатар адамға осындай мүмкіндік сыйласақ дейміз, – дейді Айдарлының азаматы.
Сонымен қатар іскер жігіт жақында ғана жас кәсіпкерлер арасында ұйымдастырылған «Байқоңыр-Start up» облыстық бизнес идеялар байқауынан ІІ дәрежелі жүлде – 200 мың теңгенің сертификатын ұтқан болатын. Жас кәсіпкердің келешектегі мақсаты айқын, болашағы нық.
Ержан ҚОЖАСОВ
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қараша 2018 г. 508 0