
Сейсенбі күні Шиелі ауданындағы құрылысы жүріп жатқан тампонажды цемент зауытының ауласында орналасқан уақытша жатақхана өртке оранды. Тілсіз жау бір адамның өмірін жалмаған. Бұдан өзге зардап шеккендер жоқ. Оқыс оқиға туралы жауапты сала мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
– Сағат 12:13 шамасында Шиелі ауданындағы №9 өрт сөндіру бөлім бекетіне жаңадан салынып жатқан цемент зауытының өртеніп жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметкерлері барғанда 10x20 шаршы метрді құрайтын нысан толығымен жанып кеткен. Сағат 13:00-де өрт толықтай сөндіріліп, оқшаулау барысында жатақхана ішінен 1976 жылы туған Қытай Халық Республикасы азаматының мәйіті табылды. Қаза болған азамат – «Чайна Триумф Интернэшнл Инжиниринг» ЖШС филиалының қызметкері. Сонымен қатар марқұмның Қытай Республикасы, Жансу елді мекенінің тұрғыны Жоу Бейдің мәйіті екені анықталды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Руслан Қайрақбаев.
Жиын барысында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жанабаев қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.