Биыл құқық қорғау органдары қызметін жетілдіруге бағытталған заң қабылданды. Соған сәйкес еліміздегі барлық “Ішкі істер департаменттері” “Полиция департаменті” болып, ал қалалық ішкі істер басқармасы және барлық аудандық ішкі істер бөлімдері сәйкесінше полиция басқармасы мен полиция бөлімдері болып өзгертілді. Сондай-ақ, өз кезегінде полиция департаментінің басшысы әкім мен халық алдында жылына кем дегенде бір рет есеп беруге міндеттелді. Осы орайда облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұқитов тұрғындарға есеп берді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ мүшелері мен өңір тұрғындары қатысты.
Департамент басшысы осы жылдың он айында атқарылған жұмыстарды саралады. Айтуынша, 10 айда облыс көлемінде 5968 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 14 процентке төмендеген. Бүгінгі күні полиция қызметін бағалаудың бір критерийі ретінде 10 мың халыққа шаққандағы қылмыстылық деңгейі өңірде 91 қылмысты құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша республика көлемінде криминогендік ахуал тұрақты, әрі Маңғыстау, Жамбыл облысынан кейінгі қауіпсіз үш облыстың қатарында тұр. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда, көшелерде, мас күйінде және қаруымен жасалған қылмыстар деңгейі де азайып отыр. Ал, есірткінің заңсыз айналымымен күрес бағытында республика көлемінде «Көкнәр-2018» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Шара аясында департаментте «Дельта-Сырдария» есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлінісі құрылып, жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше жедел-іздестіру топтары жасақталған. Нәтижесінде есепті мерзімде 319 есірткі қылмысы тіркеліп, заңсыз айналымнан жалпы 132 кг есірткі заты тәркіленген. Оның ішінде, есірткі өсірудің 73 дерегі анықталып, жалпы салмағы 10 тоннадан астам болатын 74 мың түп сора өсімдігі жойылған.
– Есірткіге қанша тосқауыл қойылғанмен, қылмыскерлер оны егудің басқа тәсілдеріне көшуде. Мәселен, үй ауласында, саяжайларда есірткі егу деректері анықталып, оған қарсы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жалпы алдын алу, есірткіге қарсы күрес шараларының нәтижесінде наркодиспансерде есепте тұрғандар саны 5 процентке азайды, – деді Қ.Мұқитов.
Жиын барысында патрульдік полиция қызметі мен жол қозғалысын бақылау бойынша атқарылған жұмыстар да айтылды. Сондай-ақ, облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылған 272 бейнебақылау камераларының көмегімен 15 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 60-тан аса қылмыс ашылғандығы сөз болды. Осы ретте аймақта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы негізінде қосымша 1400 дана бейнебақылау камераларын орнату үшін адрестік бағдарлама бекітілген көрінеді. Ал, сандық технологияларды дамыту аясында полиция қызметіне «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» жобасы енгізіліп, қазіргі уақытта қылмыстық істер электрондық форматта тергелуде. Бұл жүйе тергеу жұмыстарының жылдамдығын арттырып, қадағалау органдарымен қылмыстық істердің тергеу барысын электронды түрде бақылап отыру мүмкіндігін туғызады. Сонымен қатар, іс-құжаттардың бұрмалануына жол бермеу, қылмыстық істерді тергеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюға өз ықпалын тигізбек. Қазіргі таңда, электронды форматта 315 қылмыстық іс тергеліп, оның 182-і сотқа жолданған.
– Бізде өткен жылдың қазан айынан бастап «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» (ЕРАП) жобасы да іске қосылып, жергілікті полиция қызметіне 29 дана планшет берілсе, осы жылы қосымша 117 электронды планшеттер алынып, қолданысқа енгізілді. Оның көмегімен бүгінгі күні 9 мыңнан астам әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ, құқық бұзушылық жасалған орында әкімшілік хаттамалар электронды түрде рәсімделіп, сол мезетте Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнінде басқармаға тіркелуде. Биылғы жылы жүзеге асқан ауқымды жұмыстардың бірі облыстық бюджет есебінен Жалағаш аудандық полиция бөлімі және Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі полиция бөлімшесінің жаңа ғимараттары бой көтеріп, қолданысқа берілсе, департаменттің жеке құрамының әскери жауынгерлік дайындығын үнемі жетілдіру мақсатында Белкөл кентінің маңында заманауи оқу-жаттығу полигоны құрылысының жүргізіліп жатқандығын айта кеткен жөн, – деді Қайрат Болатұлы.
Департамент басшысының және атап өткеніндей, барлық полиция қызметкерлерін қайтадан аттестаттаудан өткізу, тұрғындармен жұмыс жасаудың жаңа форматын енгізу, ол үшін барлық полиция бөліністерінде азаматтарды қабылдайтын арнайы фронт-офис ашу міндеті тұр. Бұл офис ЦОН үлгісінде халыққа қызмет көрсететін болады.
Жиын барысында қалалық полиция басқармасының бастығы Дәулет Беркімбаев та облыс орталығында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Шара соңында тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып ұсыныстар айтылды. Оның ішінде мал ұрлығы, Сабалақ саяжайына жазғы мезгілде тәртіпті күшейту мақсатында учаскелік полиция қызметкерлерін бөлу мен бақылау пунктін салу, бейнебақылау орнату мәселесі қозғалды. Департамент басшысы барлық сұраққа нақты жауап беріп, маңызды мәселелердің алдағы уақытта өз шешімін табатындығын жеткізді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
"Сыр бойы".