
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында публицист, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» драмасы қойылды. Шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған.
Қойылымды мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттен қаржыландырылатын мекеме басшылары, арнайы мониторингтік топ мүшелері, «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» клуб мүшелері және қала тұрғындары тамашалады.
Драматург өткен мен бүгіннің ащы ақиқатын ашу барысында билік пен байлыққа ие болған тоғышарлардың тоңмойын қылықтарын және оларға қарсы ақ пейілді, адал жандардың жанкешті күресін бейнелеген. Оқиға соңы әдеттегідей махаббат пен ізгіліктің салтанат құруымен аяқталады.