Арал ауданында аударылған автобусқа байланысты жаңа деректер анықталды

«Шымкент-Самара» тас жолының Арал ауданы маңындағы бөлігінде аударылып қалған автобусқа қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, оқиға 22 қарашада кешкі сағат 20:40 шамасында Арал қаласына 52 шақырым қашықтықта болған. Автобус жүргізушісі - 1979 жылы дүниеге келген Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылының азаматы. Ол жолдың тайғақ болуы салдарынан көлікке ие бола алмай қалған. Аталмыш автобуста 34 Өзбекстан азаматы және автобус жүргізетін 2 Қазақстан азаматы болған. Жолаушылар Ресей Федерациясының Нижний Новгород қаласынан қайтып келе жатқан.
«Аталмыш оқиға салдарынан Арал аудандық ауруханасының жан сақтау бөлімінде 1986 жылы дүниеге келген Зокир Розимуродұлы Ахраров қайтыс болды. Ол - Өзбекстанның Самарқанд облысының тұрғыны. Ал автобус жүргізушісі 39 жастағы азамат оң жақтағы екі қабырғасы сынып, аудандық аурухананың трамвотология бөлімшесіне жатқызылды», - деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.
Оқиға салдарынан жеңіл жарақат алған 7 жолаушыға аурухананың қабылдау бөлімінде медициналық көмек көрсетілді. Қалған жолаушылар жол бойында орналасқан қонақ үйге орналастырылды.
Жол апаты орын алған аумаққа Арал ауданы әкімдігінің, аудандық полиция бөлімінің, аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері және арнайы қызметтердің 10 техникасы оқиға орнына шұғыл жетті.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 16 қарашада Қызылорда облысының Қармақшы ауданында екі автобус соқтығысып, 3 адам адам қайтыс болған еді.  Олардың 2-еуі оқиға орнында қайтыс болған. Қайтыс болғандардың бірі 1964 жылы дүниеге келген болса, екіншісі 1997 жылғы облыс тұрғыны. 2011 жылғы бала Қармақшы аудандық ауруханасы жансақтау бөліміне жеткізілгенмен дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алған жоқ.
Одан бөлек, қазан айының басында Сыр өңірінде жеңіл көліктің жүк көлігіне соғылуы салдарынан 4 адам қайтыс болған еді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2018 г. 665 0