Бүгін, 21 мамырда Қызылордада мәдениет және өнер қызметкерлер күні салтанатты түрде аталып өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сала үздіктерін құттықтап, жеті ауданға заманауи техникалық құралдармен жабдықталған «Зерде» мәдени-ақпараттық автокөлігін табыстады.
Мәдениет ел мәйегі, мемлекеттілікті айшықтайтын ең басты факторлардың бірі. Сондықтан да өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашан да биік. Биыл облыстық драма театр жанынан жастар труппасы және облыстық филармония жанынан камералық оркестр құрылды. Облыс орталығында көркем галерея ашу, облыстық драма театрының жаңа ғимаратын салу, тарихи-өлкетану мұражайына күрделі жөндеу жұмыстары жұргізілуде.
– Елбасының өзі «Сыр – Алаштың анасы» деп атаған бұл өлке шынында да тұнып тұрған өнер ордасы, – деді облыс әкімі жұртшылық алдында. – Қазақта «Күйшімін деп Батысқа барма, әншімін деп Арқаға барма, жыршымын деп Сырға барма?» деген қанатты сөз бар. Аймақ мәдениеті мен өнерін өрістету, ұлттық мәдени мұрамызды әлемге таныту, бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап дәріптеудегі еңбектеріңіз жемісті болсын!
«Биыл облыста алыс-жақын шетелдердің белгілі өнер иелерінің қатысуымен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлескен түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі, КСРО Халық әртісі, Сыр елінің тумасы Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестивалі өтеді деп жоспарлануда» деп хабарлайды облыс әкімдігі баспасөз қызметі.
«Өнер деген – үлкен керуен. Ал, керуеннің үнемі жол үстінде жүретіні белгілі. Мәдениет пен өнер жолындағы керуендеріңіз әркез көлікті болсын», - деп аймақ басшысы Қ.Көшербаев облыстың 7 ауданына жаңа заманауи техникалық құралдармен толық жабдықталған «Зерде» мәдени-ақпараттық автокөлігін табыстады. Сондай-ақ, салада жемісті еңбек етіп жүрген жандарды құрмет грамотасымен, алғыс хатпен марапаттап, 15 қызметкерге облыс әкімінің стипендиясын табыстады.