«ЖЫР-ӘННІҢ ЕЛІ, ТҰРАННЫҢ ТӨРІ – ҚЫЗЫЛОРДА»

Сейсенбіде Астана қаласының 20, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Қызылорда» атты мерекелік концерт өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

 Осы кезге дейін аймақ басшысының тапсырмасымен барлық аудандар мен Байқоңыр қаласында мерейтойға орай қала өнерпаздарының ұйымдастыруымен мәдениет және өнер күндері өтіп, барша Сыр елі мерейлі мерекенің лебін сезінді. Елбасы Алаштың анасына теңеген Сырдың екі ғасырлық тарихына куә шаһар тойының кең көлемде атап өтілуі елге жарқын көңіл-күй сыйлағаны анық.

Думанды шараның шымылдығы ҚР Мәдениет қайраткері Руслан Ахметов пен шәкірттерінің жыр-толғауымен ашылды. Концертте Ұлы дала дүбірін, өр рухын сезіндіріп, Құрманғазының «Сарыарқа», Мұрат Сыдықовтың «Батыр баба» күйлерін күмбірлеткен «Тұрмағамбет» халық аспаптар оркестріне жұртшылық ықыласы ерекше болды. Сондай-ақ, жас өнерпаздардың күй тартысы да көпшіліктің қошеметіне ие болып, ұлттық өнерге деген құрметтің жоғары екенін байқатты. Кеште Күлән Қалымбетова, Үміт Медеуова, «Томирис» би ансамблі, «Сыр жұлдыздары» балалар тобы және бірқатар өнер иелері қазақ өнерін шырқау шыңына жеткізіп, ұлттық рухты асқақтатты.

Айта кету керек, тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қала көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халқының саны өсті. Соңғы жылдары жаңадан бірнеше шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалықтың баспаналы болғаны да белгілі. Демек, жетістікке толы қаланың 200 жылдық мерекесінің ел мерейін өсірген думанды шараларға айналуы заңдылық.

Айдана ЖҰМАДИНОВА, 

«Сыр бойы». 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2018 г. 669 0