Елбасы мақаласын талқылады

 Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Сыр бойының зиялы қауым өкілдері Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен жиынға жазушылар Бегімбай Ұзақбаев, Сайлаубай Жұбатырұлы, Толыбай Абылаев және балалар ақыны Рахат Наурызбаева қатысты. 

Сөз басында департамент басшысы Абзал Сансызбайұлы қазір қазақтың ұлттық болмысымыздан алыстағанын атап өтті. Құдайы көршілердің бір-бірімен араласпақ тұрмақ, танымайтыны, ауылдағы асық ойнай алмайтын бала, ауқаттылардың басым бөлігі мал ұстағанымен, бұрынғыдай жоғалған түлікті атпен емес, «джиппен» іздейтіндей деңгейге жеткенін, тақымына тай тимеген жеткіншектің өсіп келе жатқанын тілге тиек етті. Сондықтан Елбасының бұл ой-толғамы ұлттың өзекті тұсын тап басып, елдің алаңдаулы мәселесіне дөп түскенін айтты.

Ал жазушы Бегімбай Ұзақбаев біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтарда қазақ даласындағы мәдениет пен ел басқару ісі өзге халықтарға үлгі болғаны, көшпенді елде дала демократиясы орнағаны туралы сөз қозғады. Жазушының айтуынша, ел тарихын қайта қарап, зерттеп, зерделеп, өскелең ұрпаққа таныстыру кезек күттірмейтін іс.

– Айталық, жазушы, ғалым Мұхтар Мағауиннің XV ғасыр әдебиетін, жыраулар мұрасын зерттеуі 1970 жылдары зерттеушілердің, тіпті елге белгілі жазушылардың қарсылығын тудырды.  Алайда қазір XV ғасырдан бұрынғы бай мұрамызды зерттеу, сол арқылы тарихты таныту, ұлт рухын көтеру өте маңызды, – деді ол.

Жиында Толыбай Абылаев Арал теңізі орнындағы Кердері кесенесіне, сол маңдағы көне қала орнына зерттеу жұмыстарын жалғастыру керек екенін баса айтты. Жазушы сөзінен жастардың жер астынан табылған алтын теңгелерді саудалап жүргеніне қынжылатынын, көне кітаптарды арнайы зерттеу орындарына тапсыруға құнттылық жетіспейтінін байқадық.

Ал Сайлаубай Жұбатыров бүгінде халықтың иығы бүтінделіп, дастарханы толыққанымен, рухани болмысымыздың жұтаң екенін айтты.

– 7000 жыл бұрын қазақ жерінде жылқының қолға үйретілгені даусыз шындық. Мұны археолог ғалымдардың зерттеулері дәлелдеп отыр. Сол замандарда арғы бабаларымыздың ер тоқым, үзеңгіні ойлап табуы, XVIIІ ғасырда Англияның техникалық прогреске ұмтылуымен пара-пар дүние. Англия техникасы арқылы басқа елдерден үстем тұрса, Ұлы даланы мекендеген жауынгер халық та кезінде өзге елдерге дес бермеді. Үзеңгіге табан тірген адамның ат үстінде нық отырып садақты да, қылышты да қолдана алатыны белгілі. Тіпті, олардың тұрмыстық заттарды жасап шығаруы, киім кию мәдениеті басқа халықтарға үлгі болғаны туралы нақты деректер бар. Сондықтан, Елбасының бұл мақаласы жаңа зерттеулерге жол ашатыны анық. Біз дамыған 30 елдің қатарына тек экономикалық жетістіктерімізбен емес, рухани мол мұрамызбен қосылуымыз қажет, – деді ол.

Айдана ЖҰМАДИНОВА, 

«Сыр бойы». 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2018 г. 557 0