Бүгін, 21 мамырда Н.Бекежанов атындағы драма театрда Кеңес Одағының Халық әртісі, Социолистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Бибігүл Төлегенованың шығармашылық концерті өтті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шара барысында қазақтың ән өнерінде өз өрнегін салған саңлаққа жылы лебізін білдірді. Ол кісінің 85 жасқа толу мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыстар тіледі. Қазақтың бұлбұлы атанған Бибігүл Ахметқызы 85 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің барлық аймағында мерекелік концерт беруді жоспарлап отыр. Алғашқы сапарын Қызылорда қаласынан бастады.
«Шығармашылық концерт барысында Бибігүл Төлегенова қызылордалық мәдениет саласы қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады. Жергілікті жұртшылыққа «Ахау-керім», «Ақ маңдайлым», «Оскардың әні» секілді әндерді әуелете шырқап, Вердидің «Бал-маскарад» операсынан үзінді орындап берді. Концертте атақты өнер иесінің ізін басқан Толқын Забирова, Мақсат Мақұлбеков, Талғат Күзембаев, Дана Таласбекова секілді өнер иелері де әннен шашу шашып, көпшілік қошеметіне ие болды» деп хабарлайды облыс әкімі баспасөз қызметі.