Апат салдары анықталуда

Қазір қауіп аяқ астында, әсіресе, елімізде жол-көлік оқиғасы ең қиын әрі күрделі мәселеге айналып барады. 16 қараша күні Қармақшы ауданы Ақжар ауылының маңында, «Самара-Шымкент» тасжолында екі жолаушылар автобусы соқтығысып, оқиға салдары  жұртшылықты әбігерге салды.

«Қазалы-Қызылорда» және «Қы­зылорда-Қармақшы» бағытындағы екі автобуста 86 жолаушы болған. Жол-көлік оқиғасынан кейін жедел түрде 74 адамға медициналық көмек көрсетіліп, апат орнына Қармақшы ауданының әкі­мі Сұлтан Мақашов пен аудан әкім­дігінің қызметкерлері, облыстық ден­сау­лық сақтау, жұмылдыру дайындығы басқармалары мен жергілікті полиция қызметінің, сондай-ақ төтен­ше жағдайлар және ішкі істер департа­ментінің басшылары барған. Сенбі күні осы мәселеге байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде сала басшылары баспасөз конференциясын өткізді.

– Жолаушылардың басым көпшілігі – Қазалы және Қармақшы ауданының тұрғындары. Хабарлама түскен бойда жедел түрде көмек көрсету жұмыстары жүргізілгенімен, екі адам оқиға орнында жан тапсырды. Екеуі де Қармақшы ауданының 1964, 1997 жылғы тұрғын­дары. Ал ауыр жарақат салдарынан 2011 жылғы жасөспірім ауруханада дүниеден өтті, – деді облыстық жұмылдыру дай­ын­дығы басқармасы басшысының орын­басары Ғабит Жаңабаев.

Оқиға орнында жолаушыларға жедел көмек көрсету мақсатында жергілікті по­лиция қызметінің 34 қызметкері, 13 арнайы техника мен 34 төтенше жағдайлар департаментінің маманы, 130 медицина саласының қызметкері жұмылдырылған. Сондай-ақ, 12 жедел-жәрдем бригадасы жұмыс істеген.

Бүгінде медициналық көмекке жү­гінген 74 адамның 30-ы ауруханаға жат­қызылған. Оның ішінде 5-і жан­сақтау бөлімінде болса, 6-на  ота жа­салған. Сондай-ақ, Қармақшы ауда­нының ауруханасынан санитарлық авиация арқылы 3 науқас облыстық медицина орталығына ауыстырылды. Зардап шеккен жолаушылар дәрі­гердің жіті бақылауында болса, қалған 45-не алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем тағайындалған.

Жол-көлік оқиғасының неден бол­ғаны әзірге белгісіз. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраевтың айтуынша, аталған төтенше жағдай фактісі бойынша тексеру басталып, қылмыстық іс қозғалған.


Айдана ЖҰМАДИНОВА,
 "Сыр бойы".
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қараша 2018 г. 360 0