Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Сырдария ауданында болып, спорт нысандарының жұмысымен танысты. Мектеп бітіруші түлектермен жүздесіп, сынақты сәтті тапсыруларына тілектестігін жеткізді.
Бүгінде Сырдария ауданы тұрғындарының 24 пайызы тұрақты бұқаралық спортпен шұғылданады. Ауданда волейбол, таэквондо, көгалдағы хоккей, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлері жақсы дамыған. Халықаралық және республикалық жарыстарда сырдариялық спортшылар аймақ намысын абыроймен қорғап жүр. Әрине, спортшылардың жоғары нәтиже көрсетуі үшін техникалық база мықты болуы керек. Осы мақсатта өткен жылы спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталған-ды. Жалпы құны 119,464 миллион теңге құраған кешенде шағын футбол, күрес, жаттығу залы бар. Құрылыс жұмыстары бүгінде толық аяқталған. Мұнан соң аймақ басшысы Тереңөзек кентіндегі орталық стадионда спортшылармен кездесіп, жеңіл атлетика спортын дамыту үшін жүгіру алаңын салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінетінін жеткізді.
Оқушылардың 11 жылғы білімдері сыналатын ҰБТ-ға аз уақыт қалды. Мектеп бітіруші түлектер соңғы дайындығын пысықтауда. Облыс әкімі оқушылармен кездесіп, сәттілік тіледі.