Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылының тұрғыны Жасұлан Омаров 2006 жылы есік алдындағы жерге жеміс ағаштары мен түрлі дақылдарды екпекші болады. Алайда, жерінің биіктігіне байланысты су шықпай егіс еге алмайды.
Каналдан келген аяқ сумен есік алдын суара алмай жерді ойып, төмендету әрекеттерін жасауға кіріседі. Жерді қазып, сыртқа топырақтарын тасып жатқанында бір қаңылтыр қорапша тауып алады. Ашса, салафанға оралған бума-бума ақша. 1905-1916 жыл аралығында шығарылған заемдар мен рубльдер. Оған Жасұлан мән бермейді. Табылған ақшаларын үйіне апарып қойып, жұмысын жалғастыра береді. Арада жылдар өтеді. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен аптада Жасұлан ауданымыздағы «Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне» келіп, табылған ақшаларды музей директоры Құттықыз Ыхановаға табыстады. "Бұл да – бір өткеннен қалған бір естелік, көп кездесе қоймайтын жәдігер. 14 қараша – теңге күніне байланысты музейде ақшалар жайлы үлкен көрме ұйымдастырылмақ және мектептерде көшпелі көрмелер өткізілмек. Аталмыш көрмелерде аудан тұрғындары аталарымыз дың көзі көріп, қолмен ұстаған ақшаларын тамашалай алады" - деді музей директоры Құттықыз Ыханова.